Тұрсын Аян – ушудан ҚР чемпионы!

Қыздар университетінің студенті Тұрсын Аян 2017 жылдың мамырдың 16-18 аралығында Астана қаласында өткен ушу-сандадан әйелдер арасында ҚР Чемпионатында 52 салмақ дәрежесінде 1 орын алып, алтыннан алқа тақты.

Астана қаласының «Даулет» спорт кешенінде өткен жарысқа әр облыстан 220 спортшы қатысты. Спорттық додада Тұрсын Аян ақтық сында Шымкент қаласының қызымен жекпе-жекке шығып жеңіске жетті.

Атап өте кетейік, Тұрсын Аян сонымен қатар жуырда сәуірдің 27-29 аралығында Қарағанды қаласында әйелдер арасында аралас жекпе-жектен өткен V ҚР Чемпионатында 2 орын алып, жеңіс тұғырынан көрінген еді.

Қарағанды қаласының С.Сапиев атындағы бокс орталығында өткен жарысқа 170 спортшы бақтарын сынады. Үш күнге созылған додада Тұрсын Аян 52 салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.

Тұрсын Аян ушу-сандадан екі дүркін ел чемпионы, татамиден бес дүркін Қазақстан чемпионы. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын спортшы қызы таэквондодан, ушу-сандадан және жекпе-жектен спорт шебері.

2014-2015 жылдары екі жыл қатарынан Алматы қаласында ушу-сандадан әйелдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында 1 орынды жеңіп, өзіне тең келер ешкім жоқ екендігін дәделдеген болатын. Ол сонымен қатар, дәл осы жылы аталған спорт түрінен Қазақстан кубогінде алтын медальға ие болды. Жекпе-жек спортында да жүлделі орындарға ие болып жүрген Тұрсын Аян 2016 жылы Талдықорған қаласында жекпе-жектен өткен Қазақстан чемпионатында 1 орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінген еді.

Т.Аян сонымен қатар 2008 жылы Якутияда өткен «Азия балалары» атты халықаралық спорт ойындарының, Қазақстан чемпионатының (2014) және Конфедерация Кубогының (2014) қола жүлдегері, 2010 жылы Алматыда өткен Жастар ойындарының және 2012 жылы өткен Әйелдер спартакиадасының күміс жүлдегері, 2013 (Ақтөбе) және 2014 (Алматы) жылдары Студенттер арасындағы жарыстың Қазақстан чемпионы атанған. Қыздар университетінің мақтанышы саналатын оның қоржыныныда 25 алтын, 14 күміс, 15 қола медальі бар.

Қыздар университетінің 1 курс студенті Тұрсын Аян «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алуда. Ол 1994 жылы 23 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. 2004 жылдан бастап таэквондомен айналыса бастаған. Алғашқы бапкері Үсікбаев Ерхан Төлеуұлы. Ол Алматы қаласы «Шаңырақ» ықшам ауданындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының түлегі. 10 жылдан бері спортпен айналысып келе жатқан Тұрсын Аян қазіргі таңда Дене шынықтыру және спорт кафедрасының аға оқытушысы, шығыс жекпе-жектен спорт шебері Толебаев Денгильбай Оразбайұлынан тәлім-тәрбие алуда.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 279 38 05