Дайындық және Қосымша білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылар сертификаттарға ие болды

Жуырда 2016-2017 оқу жылында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Дайындық бөлімінде білім алған тыңдаушыларға және Қосымша білім беру бағдарламасы бойынша курстан өткен қатысушыларға сертификат тапсыру рәсімі өтті. Іс-шараға декандар, бөлім басшылары, оқытушылар мен тыңдаушылар және олардың ата-аналары қатысты.

Биыл Қосымша білім бағдарламасы бойынша 114 қатысушы, Дайындық бөлімі бойынша 12 тыңдаушы сертификатқа ие болды.

Қыздар университетінде Қосымша білім беру бағдарламасының жұмыс істеп келе жатқанына биыл төртінші жыл. Бұл бағдарлама бойынша оқу орнында 15 түрлі мамандықтар оқытылады: «Дайындық сыныбының мұғалімі», «Мектепке дейінгі ұйым менеджері», «Мектепке дейінгі білім беру инструкторы», «1С Бухгалтерия», «Әдебиетші-сыншы», «Гүл шаруашылығы», «Экскурсовод (гид)», «Биолог-эколог», «Сауықтыру түріндегі фитнес пен массаждың инструкторы», «Құжаттанушы», «Әлеуметтік жұмыс», «Киім дизайны» және т.б. Курсқа қатысушы университеттің студенттері мен қызметкерлері таңдаған мамандықтары бойынша 3 айлық курстан өтіп, жаңа мамандықтың қыр-сырын үйренді.

Ал, Дайындық бөлімі Қыздар университетінде 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Оның мақсаты – мектеп түлектерін жоғары оқу орнына тапсыруға дайындау, қыздарға қолдау көрсету. Оның оқу уақыты – 9 ай.

Шара барысында оқытушылар қауымы атынан сөз сөйлеген Педагогика-психология факультетінің деканы Жиенбаева Сайра Нағашыбайқызы барша сертификат иелерін салтанатты күнмен құттықтап, оқуға тапсырғалы отырған Дайындық бөлімінің бітірушілеріне ақ жол тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді.

Ал, қосымша білім беру курсының қатысушысы Нәзира Елеухан білім алушылар атынан басшылық пен дәріс берген ұстаздарға алғысын айтты.

- «Алдымен 3 ай бойы дәріс берген ұстаздарға, осы курсты ұйымдастырып отырған оқу орын басшылығы мен Мансап бөліміне үлкен алғысымды білдіргім келеді. "Сегіз қырлы, бір сырлы" болу – бүгінгі заман талабы. Мектепте оқып, жоғарғы оқу орнын бітіріп, диплом алдым, болдым, толдым демеу керек. Өмірдің өзі, өмір бойы білім алудан тұрады. Сондықтан әрқашан ізденімпаз болыңыздар, жаңа нәрсені үйренуге талпыныңыздар. Кейде адам өзінің бойында қаншама сан түрлі қабілеттің жасырынып жатқанын білмейді. Өзінің жан қалауы емес, басқа салаларда жұмыс істеп жатқан адамдар да қаншама. Осындай курстар армандаған мамандықтарын игеруге, жаңа бір қабілеттерін ашуға, сонымен қатар тіпті, қосымша бизнесін ашуға да мүмкіндік береді. Менің таныстарым бар, актриса болса да, жеке киім ательесін ашқан, өмір бойы кадр бөлімінде жұмыс істеп, "қағазбен жұмыс істеп шаршадым, өзімнің жан қалауыммен жұмыс істегім келеді" деп, осы сынды курсты бітіріп, сұлулық салонын ашып, қазіргі таңда үлкен жетістіктермен табысты жұмыс істеуде. Сондықтан, қорықпаңыздар, армандарыңызға қол жеткізіңіздер!», деді «Киім дизайны» курсын бітірген, «Қыздар университеті» медиа орталығының менеджері Н.Елеухан.

Марапаттау рәсімі шағын концертпен жалғасын тапты.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 279 38 05