Қыздар университетінің 133 магистранты дипломдарына ие болды

 

Бүгін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Магистратураны бітіруші түлектерге диплом тапсыру рәсімі өтті. Биыл Қазақ қыздарының парасат мектебін 133 магистрант тәмамдап, үлкен өмірге, ғылым жолына жолдама алды. Салтанатты жиында сонымен қатар биыл қос дипломды бағдарлама бойынша Миссиссипи мемлекеттік университетін бітіріп келген Берік Нұржамал мен Омарова Гүлнұр қос дипломға ие болып, Педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алды. Қазақстандық және шетелдік дипломға ие болған магистрлер биология мамандығы бойынша білім алып шықты.

Шараға оқу орын басшылығы, оқытушы-профессор құрамы, магистранттар мен олардың ата-аналары мен туған-туыстары, сонымен қатар оқу орын түлектері қатысты.

Барша қауым басшылық, оқытушы-профессор құрамы мен мантия киген түлектерді зор қошеметпен қарсы алды. Алғашқы болып сапты университеттің 2016-2017 оқу жылының рейтинг қорытындысы бойынша бірінші орында тұрған Физика және математика факультетінің түлектері бастады. Одан кейін екінші орында тұрған Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті түлектері, үшінші Әлеуметтік-гуманитарлық факультеті түлектері, одан кейін сапты Жаратылыстану факультеті, Педагогика және психология мен Өнер және мәдениет факультетінің түлектері жалғады. Бас ғалым хатшы Назира Сәндібаева Қыздар университетінің Символын алып жүрді.

Салтанатты шара ҚР-ның Мемлекеттік туын төрге алып шығумен және Мемлекеттік әнұранның орындалуымен басталды.

Сәні мен салтанаты үйлескен шараны университет ректоры Динар Нөкетаева ашты.

- «Бүгінгі күн сіздердің өмір жолдарыңыздағы, еңбек жолдарыңыздағы сәттіліктің бір нышаны деп санаймын. Сіздер Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде 70 жылдан аса даму тарихы мен тәжірибесі бар, бәсекеге қабілетті, халықаралық деңгейдегі мамандар даярлайтын білім ордасын абыроймен аяқтап, үлкен өмірге бет алғалы тұрсыздар. Еңбек жолына басатын қадамдарыңызға құт тілеймін! Күннен күнге көркейіп өсіп келе жатқан алтын ұя білім ошағының тәлімі мен тәрбиесін азық етіп, республиканың түкпір-түкпірінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де баянды істеріңізбен, терең білімдеріңізбен университетіміздің атын шығара беріңіздер. Үлкен өмір жолына бастар қадамдарыңыз сәтті болсын! Алдағы уақытта тек жақсы жетістіктеріңмен, жоғарғы көрсеткіштеріңмен қуанта беріңдер. Мен сіздерге университетіміздің атынан жоғары білімді, білікті маман болып, болашақта еліміздің өркендеуіне лайықты үлес қосады деп сенім білдіремін. Үлкен өмір жолына бастар қадамдарың сәтті болсын!», деп жас ғалымдарға ақ жол тілеп, өз қолымен оқ бойы озық шығып, үздік оқыған түлектерге диломдарды табыс етті.

Жоғары білімін дәлелдейтін құжат, жылдар бойы күткен жеңісті сәттерімен білім ордасының Құрметті профессорлары, ардагер ұстаздары мен университет түлектері де құттықтап, жүрекжарды тілектерін арнады. Ақ тілек пен қуанышқа толы болған шарадағы құрмет-ықыластың барлығы Қыздар университетінің түлектеріне арналды. Магистратураны үздік аяқтаған мамандардың жетістігі оқу орнымен қатар, әсіресе, ата-аналары мен ұстаздардың мерейін асырып, қуанышқа бөледі.

Салтанатты шара барысында 30 жыл бұрын қасиетті қара шаңырақты бітірген түлектер, шараның құрметті қонақтары: Физика және математика факультетінің түлектері, педагогика ғылымдарының докторы Әлімбекова Гульшахан Бершинбекқызы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Аганина Құндыз Жамиқызы, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының түлегі, Алматы облысы Іле ауданы Байсерке аулының № 28 лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Казимова Баян Төлегенқызы, Әлеуметтік-гуманитарлық факультеті, Тарих мамандығының түлегі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Кунапина Қайыркен Құдайбергенқызы, Кәсіптік оқыту мамандығының түлегі, Алматы қаласы, №52 бала-бақшада тәрбиешісі Шаяхметова Гүлжанат Зейноллақызы, Жаратылыстану факультеті, Химия-биология мамандығының түлегі, №59 мектеп гимназияның жоғары санатты биология пәнінің мұғалімі Ибраимова Бақыт Тасболатқызы, Биология-география мамандығының түлегі, №36 гимназия директоры Ақсерікова Ақмарал Мағжанқызы, Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығының түлегі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Искакова Айгүл Төлентайқызы, Өнер және мәдениет факультетінің түлегі, №78 мектеп-лицейдің мұғалімі Амирова Гүлзаман Уапқызы университет атынан «Елеулі еңбегімен биік шыңдардан көрсетіп жүргені үшін» мерейтойлық дипломдарымен марапатталды.

Шара соңында түлектер оқу орнының ресми әніне арналған «Қыздар, қыздар» әнін, елімізге белгілі әнші, Өнер және мәдениет факультетінің деканы Гүлнұр Өмірбаевамен бірге шырқап, туған ұяларынан түлеп ұшты.

Біз де барша қауым атынан Ақ жол тілейміз!

Қыздар университетінің студенттері мен түлектері жыл сайын түрлі байқаулардың жүлдегері атанып, үздік нәтижелерге қол жеткізуі, спорт, білім, ғылым сайыстарынан биіктерден көрінуі, жүздеген шәкірттерінің үздік дипломдармен тәмамдауы білім ордасының жетістігін таразыласа, «QS Stars University Ratings» халықаралық рейтингісі бойынша «3 жұлдыз» иеленген тұңғыш педагогикалық жоғары оқу орны атануы білім ошағының деңгейін айғақтаса керек. Ұлт тәрбиешілері, педагогтарды тәрбиелеуде үздіктер көшбасында тұрған, беделді оқу орнында білім алғың келсе, оқуға кел, жас талапкер!

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8(727) 2 79 38 05