«Үздік педогогикалық ЖОО – 2017» – Қыздар университеті қанжығасында!

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті үшін бүгінгі күн, яғни маусым айының 27-ші жұлдызы өте қуанышты сүйінші хабармен басталды! Аға басылым «Егемен Қазақстан» газетіне республикамыздың «Қазақстанның үздік ЖОО рейтингісі – 2017» бойынша үздік педагогикалық жоғары оқу орны болып, оқ бойы озық шығып, топ жарып шықты. Бұл университет ректоры Динар Нөкетаева мен күллі ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің нәтижелі еңбегінің мәуелі жемісі екені бесенеден белгілі.

Құрылғанына биыл 73 жыл болған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде осы уақыт аралығында тұғырлы елдің тірегі, жарқын болашақтың бастауы болған сан мың білікті маман түлетіп, талай ұрпақты білім нәрімен сусындатып келеді.

Қазір замана көші қарыштап дамуда. Күн өткен сайын бір жаңалық ашылып, адамның ақыл-ойы кеңінен өрістеп дамуда. Оның барлығының бір тетігі бір-ақ нәрседе.. Яғни, оның кілті - білімде. «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деп сонау ғасырдың өзінде-ақ атам қазақ бекер айтпаған. Бүгінгі таңда дәл сол дәуір туды. Қарбаласқан заманда ақпарат ағыны шексіз ағылуда. Бірақ, бәрін игеру үшін, ең әуелі білім қажет.

Сол себептен де «білікті бірді жықса, білімді мыңды жығады» деген қанатты сөз әрдайым Қыздар университетінде білім алатын қыздардың қаперінде жүретіні ләзім.

Қай мемлекеттің болсын ертеңi – бiлiмдi жастардың қолында екені даусыз. Сондықтан, ата-бабамыз «Бұлақ көрсең көзiн аш» деп, тегін айтпаса керек. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Еліміздің келешегі жастардың қолында» деп, жастардің білім алуына үлкен мүмкіндік туғызып, бәсекеге қабілетті болуы үшін барлық жағдай жасап келеді.

Сапалы біліммен қанаттанып, саналы тәрбиемен сусындаған студент-қыздар – ертеңгі білікті маман ғана емес, болашақ ана. Бүкін республикаға болашақ ұлт тәрбиелеушелерді, мықты педагог кадрларды дайындап отырған өз саласындағы көшбасшы Қыздар университетінің ұстаз аналары әр студент қызды өз баласындай тәрбиелеп ана қамқорлығын көрсетіп келеді. Қазақта «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең қызыңды тәрбиеле» деген жақсы сөз бар. Осы ғибратты нақыл білім шаңырағындағы асыл ұстаздарымыздың қағидаты. Біз үшін әр қыз бала – ұлт келбеті. Жастар, болашақ тізгінін ұстайтын, жарқын келешектің иесі. Сондықтан да оқу орынның табалдырын аттаған әр қыз баланың тәлімі мен тәрбиесі ұлттық құндылықтармен өріліп, білімі мен біліктілігі заманауи талаптарға сай жүргізіледі.

Ендеше, осындай көшбасшы университетте оқуға түсіп, білім алуға ұмтыл, жас түлек!

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 279 38 05