Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 268

Бауырластықпен өткен білім жетілдіру курсы

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті осы оқу жылы Ы.Алтынсарин атындағы халықаралық олимпиаданы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында тұратын қандастарымызға қолдау жасау мақсатында Өлгий қаласына барып өткізген едік. Соның нәтижесінде 3 оқушы ректор грантын иемденген болатын. Олимпиадаға оқушылар қатыстырған мұғалімдерінің өтінішімен қазақ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандарына арналған білім жетілдіру курсын өткізуді жоспарланған еді.

Мұғалімдердің әдістемелік жұмыстары шеңберінде педагогикалық технологиялар мен интерактивті әдістерді тиімді пайдалану жолдарын таныстыру мен тәжірибе алмасуды мақсат еткен білім жетілдіру курсы маусым айының 19-24 жұлдызы аралығында өтті. Курсқа Баян-Өлгий аймағында қарасты қазақ мектептерінің мұғалімдері және Ховд университетінің Баян-Өлгей бөлімшесінің директоры Гаура Сәбиханқызы мен оқытушылары қатысты.

Курсқа Жалпы педагогика кафедрасы мен Қазақ филологиясы мен әлем тілдері факультетінің профессор-оқытушылар құрамы дәріс оқып, оқыту мен сабақты ұйымдастырудың интерактивті әдістерінен коучингтер мен тренингтер өткізді. Профессорлар Т.Ермекова, Б.Жұмақаева, Ж. Отарбековалар қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың әдістемесі бойынша дәрістер берсе, оқытудың инновациялық технологиялары, білім сапасы мен критериалды бағалау, тәрбие жұмысын ұйымдастыру бойынша К. Медеубаева С.Қоңырбаева, Л.Сайдахметова, Ш.Омарбекова, А. Жұбандықовалар әдістемелік көмек көрсетті. Сондай-ақ, курс тыңдаушыларының ерекше ықыласына ие болған – психология ғылымдарының кандидаты Н.Бегалиеваның «Оқушылардың танымдық қабілеттерін дамытуда психологиялық жаттығулардың ықпалы» атты тренингі.

Курсқа қатысушылардың тілегі бойынша Алматы қаласы, Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназияның педагогикалық ұжымы қандастарымызға әдістемелік көмек көрсету барысында семинар ұйымдастырып С.Б. Сүлейменова, Г.С. Ешмағамбетова, Ү.Ж. Елшібай, Р.О. Тәжі, Г.М. Мамытова, Ә.Ж. Әбішевалар қазіргі білім берудің мәселелеріне жауап беретін түрлі шаралар ұйымдастырып, көңілден шықты.

Курс соңында университетіміздің Бірінші проректоры Б.А. Алиев құттықтау сөз айтып, сертификаттар табыстады.

Курсқа қатысушыларды ұйымдастырып келген Баян-Өлгей аймағы білім бөліміндегі қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жетекші маман Әсемгүл Ибрагимқызы университет ұжымына рахметін айтып, сабақ берген университет ұстаздарына ризашылықтарын жеткізді.

Бір апта ішінде әбден бауыр басқан ана тіліміздің жанашырлары, көрнекті ғалымдарымызға ғылыми-әдістемелік кітаптар сыйлап, осындай біліктілікті жетілдіру курстары жалғасын табатындығына қуанып, қимай тарасты.

Сараш Сахиқызы,
Педагогика және психология факультеті