Жазғы мектеп өз жұмысын аяқтады

30 маусым күні Қыздар университетінде екі жылдан бері жүзеге асып келе жатқан Жазғы дайындық мектебі өз жұмысын аяқтады.

11 сыныпқа көшкен оқушы қыздарды ҰБТ-ның жаңа форматымен міндетті және таңдау пәндері бойынша дайындау мақсатындағы жазғы мектеп бір ай бойы жұмыс істеді. Мектепке Алматы облысының әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан 100-ден астам оқушы қатысып, білімдерін арттырды.

Қатысушылардың барлығы Қыздар университетінің жатақханаларына тегін орналастырылып, ҰБТ жаңа форматы бойынша міндетті және таңдау пәндерден сабақ алды. Сабақты университетіміздің алдыңғы қатарлы профессорлар мен оқытушылар құрамы өткізді.

Мектеп оқушылары бос уақыттарында Алматы қаласының көрікті жерлерін аралады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Т.Жүргенов атындағы өнер Академиясы сияқты оқу орындарының тыныс-тіршілігімен танысып, демалыс саябағында тегін демалды. Оқушылар сондай-ақ, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында бір ай бойы қойылымдарды тамашалады.

Жоба аясында білімдерін арттырған оқушылар Қыздар университетінің басшылығы мен ұйымдастырушыларына алғыс білдіру мақсатында бүгін қоштасу кешін ұйымдастырды. Кеште «Еріктілер» тобындағы апайларының жетекшілігімен 4 топқа бөлінген оқушылар өз өнерлерін ортаға салды. Бірі тамылжытып ән шырқаса, енді бірі Қыздар университетіне деген алғысын арнау өлеңмен жеткізді. Өнерлі қыздар мың бұрала билеп, тіпті әртістік қабілеттерін де көрсетіп, шағын сахналық қойылым қойды.

Бір ай көлемінде бір-біріне бауыр басып, достасып кеткен оқушылардың Қыздар университетіне деген сезімі, алған әсерлері ерекше. Барлығы да келесі жылы осы университеттің студенті болатындарына сенімді.

Жобаның аяқталу барысында Қыздар университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Ә.Тойбаев оқушы қыздарымен кездесіп, олардың «Жазғы дайындық мектебі» туралы ой-пікірлерін, ұсыныстарын тыңдап, әңгімелесті. Ал қыздардың ата-аналары «Жазғы дайындық мектебі» жобасының өте маңызды екенін айтып, келер жылы да жалғасын табуды өтінді.

Қазақ қыздарының Парасат мектебіне айналған Қыздар университетінің бұл ауыл қыздарына арнап жасалып жатқан іс-шараларының бір бөлігі ғана. Бір ай демалыстарын қызықты өткізген мектеп оқушылары көтеріңкі көңіл күймен, университетке деген алғыс сезімдерімен ауылдарына аттанды. Біз де қаракөз қыздарымызға келесі жылы аман-есен кездескенше деп ақ жол тілеп шығарып салдық.

Қалимаш Елшібаева,

ЖОО дейінгі білім беру мен

мансап бөлімі басшысы