Университет ғалымдары «ЭКСПО»-ға қатысты

Астана қаласында «WSEC-2017 инженерлер мен ғалымдардың» дүниежүзілік конгресі өтті. Қазіргі ғылым саласындағы кіл мықтылар бас қосатын WSEC – инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресіне Қыздар университетінің ғалымдары, оқу орнының құрметті ұстазы, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Әжімұқан Жамалов пен оның шәкірті Физика ғылымдарының магистрі Мұрат Күнелбаев та қатысып қайтты.

ЕХРО көрмесі аясында өткен 2 күндік шараға елімізге белгілі қазақстандық ғалымдармен қатар, әлемнің 50 елінен 1000-нан астам қатысушылар, шетелдік 300 ғалым қатысты. Танымал ғалымдар мен тұлғалар қатарында Нобель сыйлығының лауреаттары да бар.

Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ Орталық Азияда да алғаш рет өткізілген Конгрестің биылғы тақырыбы – «Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарийлер мен оны іске асырудың тəсілдеріне» арналды. Мұндай тақырыптың таңдалуы бекер емес. Өйткені конгресс EXPO көрмесі аясында өткізілді. Басқосуда энергетика саласындағы ең үздік жетістіктер мен заманауи бағыттар талқыланды.

EXPO көрмесі аясында өткен ең ауқымды шарада Қыздар университетінің ғалымдары Әжімұқан Жамалов пен Мұрат Күнелбаев «Бироторлы шағын ГЭС-ті жасау мен зерттеу» атты баяндама жасады. Баяндамада шағын су электростанциясына арналған бироторлы гидрогенератордың жасалу үлгісі мен оны қолданудағы жаңа техникалық шешімдері ұсынылды. «Станцияның қуаты 1-3 кВт-ты құрайды. Ал генератордың айналу жиілігі - минутына 1500-3000 айналым. Шағын су электростанциясын еліміздің кез-келген аймағында қолдануға болады. Оның жұмысының бір ерекшелігі – біріншіден, оны жасауға шығын аз кетеді, екіншіден, генератордың бироторлы жұмыс істеуі принціпіне байланысты судың да қысымы аз кетеді. Оны автономды жүйелерде, шағын ауыл шаруашылық нысандарында, алыс аймақтарда және т.б. энергияны аз қажет ететін жерлерде қолдануға болады», дейді жас ғалым Мұрат Күнелбаев.

Бүкіл әлем болып қолға алып отырған «жасыл энергетика» мәселесі біздің ғалымдарымыздың да ізденістерінен көрініс тапқандығы қуантады. Атап өте кетейік, 2013 жылы техника ғылымдарының докторы Әжімұқан Жамаловтың жетекшілігімен «Автономды тұтынушылар үшін микрогидроэлектростанциялар жасау» атты жобасы қолға алынған болатын. Жоба шағын кәсіпкерлікпен айналысып отырған жеке шаруа қожалықтардың электр энергиясына деген мұқтаждықтарын толықтай өтеуге арналған. Жоба іске асса, көлемі өте үлкен емес микрогидроэлектростанциялар көптеген қарапайым азаматтарға да қолжетімді болар еді. Бұдан өзге ғалым 2012 жылы «Айналмалы қалақшалы және жылунасостық құрылғылы көпдеңгейлі жылу алмастырғышты екі роторлы жел құрылғысының базасында бивалентті энергетикалық модулді жасау» атты жобасы бойынша Білім және ғылым министрлігінің грантын ұтып алған болатын.

Жамалов Әжімұқан 1972 жылдан бері Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде доцент, кафедра меңгерушісі (1992-2007 жылдар аралығында), профессор қызметін атқарып келеді. Ол студенттер мен магистранттарға теориялық физиканың курстарының барлық салаларынан, классикалық механика, электродинамика және АСТ, статистикалық физика және арнайы курс жылу физикасы пәндерінен лекциялар оқып, семинарлар жүргізеді.

Оның қаламынан шыққан «Классикалық механика», «Электродинамика және АСТ» оқулық ретінде пайдаланылып және де басқа Республиканың жоғарғы оқу орындарында үлкен сұранысқа ие. Профессор Ә.Ж.Жамаловтың осы бағыттағы ғылыми еңбектері 5 монография, 7 патент және алыс жақын шет елдерде жарық көрген 100-ден астам мақалалары (Екатеринбург, Киев, Пекин, Варшава, София, Чехия, Германия, Қырғызстан Республикасы, АҚШ, Канада), оның ішінде 15 мақаласы ағылшын тілінде жарық көрді. 23 баспа табақтан тұратын «Гелиоэнергетическое потенциал РК и методы его использования» атты монографиясы казіргі кезде И.Разаков атындағы Қырғыз техникалық университетінде альтернативті энергия көздері мамандығы студенттеріне негізгі оқу құралы ретінде пайдаланылуда. Оның жетекшілігімен 2 кандидаттық, 1 доктор РhD диссертациялар қорғалды және бекітілді. 24 кандидаттық диссертацияға және 8 докторлық диссертацияға ресми оппонет. Ол халықаралық, республикалық конференцияларға жиі қатысады.

СССР жоғарғы және арнайы білім министрлігінің оқу процесінде жеткен үздік жетістіктері үшін төс белгісімен (1987ж.), Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің мақтау грамоталарымен, Республиканың білім жүйесінің құрметті қызметкері төс белгісімен (2002ж.), Құрмет орденімен (2004ж.), «Университеттің үздік қызметкері» төсбелгісімен (2012ж.) марапатталды. М.Сұрағанов атындағы стипендияның иегері (2010ж.).

Ә.Жамалов 2004-2009 жылдары Алматы энергетика және байланыс университеті жанындағы диссертациялық кеңестің мүшесі, ал 2009 жылдан бастап И.Разаков атындағы Қырғыз техникалық университеті жанындағы докторлық диссертация қорғау ғылыми кеңесінің мүшесі.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8(727) 2 79 38 05