Қыздар университеті түлектері қанат қақты

Мектептерге болашақ ұстаздарды дайындап жатқан ұжымдардың бірі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті бүгін отандық білім-ғылым саласын жас мамандармен толықтырды. Бүгін 5 шілде күні қазақтың қара шаңырағына айналған Арулар ордасында өмір баспалдағының келесі бір сатысына жолдама алған бакалавр-бітіруші түлектерге салтанатты түрде диплом тапсыру рәсімі өтті.

Биылғы оқу жылы Қыздар университетін 41 мамандық бойынша бакалаврлық білім алған 1056 түлек аяқтады. Оның 264-і үздік дипломмен бітіріп, алтын орда ұясынан қанат қақты.

Таңнан қызғалдақтай құлпырған қыздардың жүзі ерекше толқыныста болды. Өмірлерінің бір белесін аяқтайтын ерекше сәтті бөлісуге олардың ата-аналары мен достары, туған-туыстары келді. Қыздар университетінің «Ақ шатыр» жазғы алаңында ине шаншар жер болмады. Кеше ғана асқақ арманмен Қыздар университетінің табалдырыған аттаған қыздар, міне, бүгін жас маман атанып, қолдарына диломдарын алды.

Қазақ қыздарының киелі шаңырағында білім алып қана қоймай, өнеге мен білім нәріне сусындап бітіргелі отырған түлектерді университет ректоры міндетін атқарушы Баходир Әлиев пен Әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі проректор Зәуреш Сабырова мерейлі күнмен барша қауымды құттықтап, ұлттың біліктілігі мен интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы және жас ұрпақты тәрбиелеудегі жолдарына ақ жол тіледі.

«Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезінде – 1944 жылы ашылған бұл бірегей білім ұясының елімізде педагог кадрлар даярлаудағы алатын орны өлшеусіз үлкен», деп Елбасы атап өткендей, Қыздар университетінің орны қашанда ерек. Биыл Қыздар университеті – үздік педагогикалық ЖОО атанғанын атап өткім келеді. Бұл қара шаңырақ ел жылнамасында есімдері алтын әріппен жазылған мыңдаған көрнекті мемлекет, қоғам, мәдениет, ғылым қайраткерлерін тәрбиелеп шығарды. Кең байтақ еліміздің кез келген түкпірінде ұстаздық, қоғамдық және мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарып жүрген түлектерінде есеп жоқ. Болашақтың тұтқасын ұстар ұрпақ тәрбиешілері, ұлттың ұйытқысы болып, еңселі еліміздің болашағы – өскелең ұрпақты бағып-қағып, тәлім-тәрбие берумен бірге, қоғамымыздың әр саласында қажырлы қызмет жасап, республикамыздың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп келеді. Біздің университеттің құрметті түлектері – Социалистік Еңбек Ері, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Рафиқа Нұртазина, Социалистік Еңбек Ері, ҚазКСР оқу-ағарту ісінің үздігі Рыскүл Мақатова, белгілі қоғам қайраткерлері Зәуре Қадырова, Асылы Осман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы, министр болған, елімізге белгілі тұлға Шәмші Беркімбаева апаларың сияқты ел мақтанышы болыңдар! «Ұстаз болу ұлық емес, ұлы қызмет», білікті маман, жоғарғы дәрежедегі мұғалім болыңыздар! Ұстаз мерейі шәкірт жетістігімен өлшенеді. Білімді, зейінді шәкірттеріңіз көп болсын! Мерейлеріңіз үстем болсын! Ақ жол!»,-деп бітіруші түлектерге сәттілік тілеген Б.Әлиев салтанатты түрде дипломдарды табыстады.

Әуелеген әнмен өріліп отырған салтанатты шара барысында барша бітіруші түлектер атынан сөйлеген Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің түлегі, қызыл диплом иегері Гүлім Садырбек оқу орнымен қоштасатын сәт келгендігін қимастықпен жеткізіп, 4 жыл бойы білім бірген ұстаздарына үлкен алғысын білдірді.

Құшақтары гүлге, жүздері нұрға толған, қуаныш пен шаттыққа толы күні біз де қанат қаққан қарлығаштарымызға ақ жол тілеп қала бердік.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8(727) 2 79 38 05