Қыздар университетінде жаңа Ректор тағайындалды!

Қыркүйек айының 7-ші жұлдызында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде жаңа ректор тағайындалды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев арнайы келіп, Қыздар университетінің басшысын таныстырып, ректор қызметін атқару туралы бұйрығын оқыды. Қазақ қыздарының қарашаңырағы – Қыздар университетіне ректорлық қызметке педагогика ғылымдарының докторы, профессор Алдамбергенова Гаухар Төремұратқызы тағайындалды.

Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Қазақ мемлекеттік қыздар университетінде Динар Нөкетаева ректор қызметін атқарған болатын. Д. Жүсіпәліқызы өзі басшы болып тұрған 6 жыл ішінде Қыздар университетінің толымды жетістіктеріне тоқталып өтті. Мәселен, үстіміздегі жылы Ұұлттық рейтинг нәтижесі бойынша Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті педагогикалық оқу орындары ішінде үздік шығып, I орын иеленген болатын. Экс-ректор Д. Нөкетаева осы және өзге де университет тарихына, оқу үдерісіне, тәлім-тәрбиесіне, ғылым-білім саласына қатысты жетістіктермен бөлісіп, мазмұнды баяндама жасады.

Қазақ қыздарының эталонына айналған – Қыздар университетін одан ары көркейтіп, гүлдендіріп, кемесін өрге жүздіру үшін эстафета жаңа басшы-ректор Г. Алдамбергеноваға салтанатты түрде табысталды.

Ректор Г. Алдамбергенова өзінің еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, бірінші проректорлық қызметке дейін көтерілген. Сондай-ақ, осы лауазымдары алдында Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар проректоры, ректор міндетін атқарушы қызметтерін атқарған. Ғылым жолына өзіндік үлес қосқан ғалым. Г. Төремұратқызы 100 астам ғылыми мақаланың, 2 монография, 2 оқу құралы, 10 оқу-әдістемелік оқулықтың авторы. Қазақ тілі, педагогика, тәрбие, моральді-этикалық өзара қатыстар салалары бойынша ғылыми-зерттеу жүргізген. Ғалым кәсіби біліктілігін Қазақстанда ғана емес, Ресей, Әзірбайжан, Германия, Ұлыбритания, Италия, Чехия, Түркия сынды дамыған шет ел мемлекеттерінде жетілдірген.

Қыздар университеті жаңа 2017-2018 оқу жылын жаңа басшымен қарсы алып, жайдары көңіл-күймен тарасты.

Қыздар университеті
«Медия орталығы»
8(279-38-05)