Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 268

Қыздар бас бәйгені қанжығасына байлады!

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 16 қыркүйек күні Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің ұйымдастыруымен Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын негізге ала отырып, «Жастық – жалын жыр» атты ақындар антологиясына енген жас ақындармен кездесу кеші өтті.

Кештің ашылуы факультет деканы А. О. Тымболованың «Ақындық деген – Алладан келген сый» деген керемет сөзімен басталды.

Жиынға Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту орталығы мен «Әдебиет әлемі» орталығының ұйымдастыруымен «Жастық жалын жыр» атты кітаптың тұсаукесері аясында өткізілген «Алматы аңсарым» атты Республикалық мүшәйрада жүлделі оралған ақын қыздарымыз бен еліміздің әр облыстарынан келген ақындар қатысты. Бұған дейін Жазушылар одағында өткен аталмыш шараға қатысып Бас жүлде және 100 000 теңгелік сыйлықты жеңіп алған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 405 топ студенті Ағабек Құрбанкүл өзінің өткір өлеңдері, шырайлы шығармашылығы, айқын жеңісімен университеттің мерейін тағы бір асқақтатты. Жазушылар одағында кең дәрежеде аталып, тұсаукесері болған «Жастық жалын жыр» атты кітап оқырмандарға жол тартқан. Осы кітапқа университетіміздің екі студенті Айдарбекова Ақгүл және Ағабек Құрбанкүлдің өлеңдері еніп отыр. «Жастық жалын жыр» атты кітаптың басылып шығуына ұйытқы болып қаржылай көмектескен Алматы қалалық жастар саясатын ұйымдастыру орталығы мен «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі ақын Мұратхан Шоқан болды.

Жас ақындарымыз жүректерінен шыққан жауқазын жырларын ерекше тебіреніспен оқып, ағынан жарылды. Әр арудың ақжарма өлеңдерінде үлкен астар мен маржан сырлар да көрініс беріп тұрды. Сонымен қатар университетіміздің «Інжу-маржан» орталығының қыздары «Жастық жалын жыр» кітабында жарық көрген өлеңдерін оқыды. Кеш соңында Мұратхан Шоқан әр ақынды арнайы алғыс хаттармен марапаттап, соңы дәстүрлі ән мен күмбір күйдің орындалуымен аяқталды.

Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті А.Оразбекқызы осы кештің өтуіне атсалысқан Мұратхан Шоқан бастаған ақындарға, студент кезінен бастап кітап шығарып туындылары жарық көрген шәкірттеріне ризашылығын білдірді. Негізі биылғы жыл қала әкімі Б. Байбектің жариялауымен жастар жылы деп аталуының өзі де осы жастарымызды жігерлендіріп, ынталандырып қана қоймай, білім көкжиегін кеңейтуіне ықпал етуде.

Бүгінде заманның озық үлгілері мен әртүрлі жетістіктер қатар көрініс беріп жатса да, қара өлеңнің қадірі мен салмағына салиқалы қарап, жанұшырған жастардың жетістіктері еселене берсін деп қыздарымызды шын жүректен құттықтаймыз!

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 279 38 05