Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 268

«Мемлекеттік тіл: әлеумет және жастар» атты дөңгелек үстел өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 22 қыркүйек күні Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті мен «Жастар саясатын дамыту бөлімінің» ұйымдастыруымен Қазақстан халықтары тілдері мерекесіне орай «Мемлекеттік тіл: әлеумет және жастар» атты дөңгелек үстел өтті.

Жыл сайын ел көлемінде атқарылатын айтулы күннің Қыздар қарашаңырағында өткізілген бұл жиынның қонағы – филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ТМД көлемінде әлеуметтік лингвистика ғылымының негізін қалаушы белгілі ғалым Бақытжан Хасанұлы болды.

Аталмыш шараның басты игі мақсаты – еліміздің латын әліпбиіне көшуге біртіндеп аяқ басып, кезең-кезеңімен қолданысқа енгізу.

Дөңгелек үстелдің кіріспесін ашқан факультет деканы А. О. Тымболова тіліміздің бірқатар мәселелерін тілге тиек етіп, латын әліпбиіне көшу уақыт талабы екеніне тағы бір тоқталып, егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Тіл жанашырларының бірі емес, бірегейі профессор Бақытжан Хасанұлы «Рухани жаңғыру – мемлекеттік тілді жаңғыртудың бірегей негізі» атты тақырыпта мазмұнды баяндама жасады. Өзіндік ой орамдарымен бөлісіп, жастардың санасына рухани сілкініс жасады.

Келесі баяндамашы профессор м.а. С. А. Асанбаева «Әлеуметтік лингвистика ғылымының қазақ тіл білімін дамытудағы рөлі» тақырыбымен дөңгелек үстелдің мән-маңызын аша түсті.

Ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту өзін-өзі сыйлайтын әрбір мемлекеттің алдынғы қасиетті борышы. Осы ретте Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген еді. Біз ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеруіміз керек. Әуелі тілді қолдауды, қорғауды әр адам өзінен бастау қажет.

Тілмен егіз жүретін ұғым әрине, оның жазуы мен жазылуы. Осы ретте латын графикасына ауысып, елімізді дамыған алпауыт елдермен терезесі тең дәрежеде жазбаша да ауызша да пікір алмасып, халықаралық деңгейде өзімізді бұдан да жақсы көрсетсек нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Кезінде Алаш қайраткерлерінің арманы болған осы бір бастамаға енжарлық танытпай, қайта бірауыздан қолдау білдіріп жатқан жастардың істері құптарлық жағдай. Қыздар университетте өтіп жатқан осы шараның жастарға берер тағылымы мол.

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 279 38 05