Ұстаздар күніне орай мерекелік кеш өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 29 қыркүйек күні қарашаңырақтың тірегі – ұлт болашағының мәңгі мызғымастай іргетасын мықтап қалап беруші, қадірлі ұстаздарға арналған «Ұстаз –ғұмыр, ұстаз – нұр» атты салтанатты мерекелік концерт өтті. Айтулы күннің керемет көріністері сахна төрінде ерекше зерделеніп, көпшіліктің көңіл-күйін бір көтеріп тастады. Жалынды жырлары, сәнді жүзімен сахнаға көрік берген жүргізуші – Ақгүл Сахибекқызы алғашқы құттықтау сөзді айту үшін университет ректоры Алдамбергенова Гаухар Төремұратқызын ортаға шақырды.

Білім атты теңізден шәкірттерінің кедергісіз жүзіп өтуіне себеп болған ұлағатты ұстаздарға жүрекжарды тілегін арнаған Гаухар Төремұратқызы: «Сіздердің еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Осы еңбектеріңіз бағалану керек. Біз әрқашанда өз ұстаздарымызды әлемге паш етуіміз керек» деп, орталарында өзі де алдарынан дәріс алған көптеген ұстаздар қауымы отырғанын және оларға деген өзінің ерекше ризашылығын білдірді.

Білім саласы – елдің ертеңін айқындайтын, оның бәсекелестік қабілетіне ықпал ететін аса маңызды сала. Осы ретте ерекше еңбегі, толайым табыстарымен университет өміріне адал қызмет еткен, оқу ісі жөніндегі проректор қызметін атқарып, елеулі еңбегімен үлес қосқан абройлы азамат Тойбаев Әділет Жүнісұлын университет басшысы Г. Алдамбергенова ерекше ілтипатпен сахна төріне шақырып, құттықтап, арнайы алғыс хатымен марапаттады.

Қоғамның басты байлығы – адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деген дана Абай. Халқымыз жақсысын ұлықтаған, қыздарын қызғыштай қорғаған. Солардың өмір жолында жақсылықтар мен барын берген. Төл мерекелерінде төрінен орын беріп, ұстаздардың мерейін көтеру әрқайсысымыздың борышымыз.

Бар білгенін ұрпақ үшін сарп еткен, ілім деген ен байлықтың панасы ұстаздарға арнап ҚР мәдениет қайраткері, университетіміздің ұстазы Гүлнұр Өмірбаева және 1-курс магистранты Мақпал Исаева «Ардақты ұстазым» әнін орындаса, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты «Томирис» би ансамблі мың бұралған «Хорезм», «Той-думан» билерімен сахнаға көрік берді. Алматы әндерінен попурри айтылып, Ағайша Исағұлованың жетекшілігімен «Шаттық жыры» ансамблі Әбләхат Еспаевтың «Ұстазым» әнін орындаса, Шынар Өмерханованың дирижерлігімен «Ұстазым» әнін өнер және мәдениет факультетінің студенттерінен құралған хор айтылды.

Ән көңілдің ажары деп, әр ұстазымыздың көркіне ажар ұялатқан бұл концертке ұстаздар қауымы дән риза болды.

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 2 79 38 05