Абай ілімі: рухани жаңғырудың ұлттық концепциясы

Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінде қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен «АБАЙ ІЛІМІ: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ҰЛТТЫҚ КОНЦЕПЦИЯСЫ» атты Абай оқулары апталығы болып өтті.

Заманауи мамандарды даярлауда кәсіби маманның рухани толысуын қамтамасыз ететін Абай мұраларын насихаттаудың маңызы зор. Адамзаттың Абайы атанған шығармашылық тұлғаның әдеби мұрасын бойымызға сіңіруде үздіксіз жасалып жатқан іс-шаралар соның айғағы. Осы орайда университетімізде студенттер арасындағы дәстүрлі «Абай оқулары» апталығы аясында «Абай ілімі: рухани жаңғырудың ұлттық концепциясы» атты зияткерлік сайыс болып өтті. Сайысқа қатысушылар - қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің студенттері. Апталық барысында студенттер арасында бірнеше шаралар ұйымдастырылды.

Бірінші кезеңде, студенттер Абай Құнанбаев шығармашылығы бойынша эссе жазса, екінші кезеңде, факультет студенттері «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» тақырыбында Абай шығармалары бойынша топтар арасында апталыққа қатысу үшін, студенттерге іріктеу сұрақтары қойылды.

Абай оқулары апталығының қорытынды кезеңінде факультет студенттері ұлы ақын өмірі мен шығармалары, Абайтану, Абайдың ақын шәкірттері және олардың мұраларын зерттеудегі өзекті мәселелер бойынша сайысқа түсті.

Апталықтың қорытынды кешін Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.д., профессор С.Б. Ержанова жүргізіп отырды. Осы кеште сөз сөйлеген факультет деканы, ф.ғ.д., профессор А.О.Тымболова: «Данышпан ақын мұрасының – қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы екендігін, оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз бай­ла­нысты, ал даналығы қа­зір­гі заманмен үндес екендігіне тоқталды. Абай шығар­машылығымен танысу сананы оятып, ойға ой қосады, биік армандарға жетелейді, өзіңді өзің талдап тазаруға итермелейді» – деп сөзін аяқтап, сайысқа қатысушы студенттерге сәттілік тіледі.

Сайысқа түсер топтардың жетекшілері жеребе алу арқылы командалардың реттік қатары анықталды. Абай оқулары апталығының қорытынды кезеңінде студенттер үш түрлі сынақтан өтті.

Алғашқы сынақта әр топ видеоролик арқылы топтың атын, ұранын таныстырып, ұлы ақынға арнау өлеңдерін оқыды. Бұл тапсырма бойынша 5В020500- филология мамандығы, 105 топ студенттерінің видиоролигі, кемеңгер ақынға арнауы көп көңілінен шықты.

Екінші бөлімде, командалар 15 сұраққа 5 минутта тез және нақты жауап беру талабы бойынша сайысты. Мұнда студенттердің шапшаңдығы ескерілді.

Үшінші бөлімде, студенттер ұяшықтың санын атап, зияткерлік-танымдық сұрақтарға жауап берді. Бұл сайыста студенттердің ұлы ақын туралы теориялық білімдері анықталды. Үшінші тапсырманы орындауда «Мұрагерлер» тобы қатарластарынан оқ бойы озықтығын көрсетіп суырылып алға шықты.

Сайыста әділқазылар алқасы студенттердің жауаптарын саралап отырды.

Қорытынды сөзінде ф.ғ.д., профессор С.Б. Ержанова «Абай поэзиясы – мәңгілік поэ­зия, даналықтың, махаббат пен адамдықтың поэзиясы екендігіне тоқталды. Данышпан ақын, ұлы ойшыл Абайдың мұрасын жаңаша ұғыну жалғаса береді, оның жалынды өлеңдері ешқашан да өзінің күшін жоғалтпайды. Абай халықпен мәңгі бірге екендігін айтып өткен ғалым, одан әрі сайыс жеңімпаздарын марапаттады.

АБАЙ ІЛІМІ: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ҰЛТТЫҚ КОНЦЕПЦИЯСЫ» атты Абай оқулары апталығын Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.д., профессор С.Б. Ержанова қорытынды сөзімен жапты.

Нақты идеялар келтірген, өзіндік көзқарасын айта білген, тұжырым жасай алған, қажетті ғылыми мәліметтер, дәлелдер келтіре білген, талдау жасап, қорытынды жасаған студенттер Эссе жазуда жеңімпаз атанады. Атап айтқанда, 104 топ студенті Ерғазы Назерке - I орынды, 101 топ студенті Төлеухан Жүзік II орынды алса, 105 топ студенті Дүйсен Сымбат III орынды иеленді.

Топ бойынша бағалау нәтижесінде, әділқазылар шешімімен I орынды – «Мұрагерлер» атты 103 топ, II орынды – «Айкерім» атты 104 топ , III орынды –«Ғибрат» атты 102 топ иеленді.

Қазақ әдебиеті кафедрасының

оқытушысы Сұлтанова Б.М.