Кітапханашы – мәртебелі мамандық!

 

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Ғылыми кітапханасында кітапханашылар күніне орай «Ашық есік» күні өтті. «Кітапханашы – мәртебелі мамандық» атты бұл шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Университет ректоры Алдамбергенова Гаухар Төремұратқызы кітапханашыларды төл мерекелерімен құттықтап, көрмеге қойылған кітаптарды көрді. Биылғы кітап жәрмеңкесіне «Интер-Пресс», «Қазақ университеті», «Эдустрим», «Нұр-Пресс» және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті баспаларының кітаптары қойылды. Ғылыми кітапхана директоры Бағашарова Бахытжамал Тельманқызы әріптестерін құттықтай отырып, кітапхана қоры жаңа кітаптармен толығып тұратынын жеткізді. Кітапханашылар күніне орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелге арнайы келген Қаскелең мәдениет колледжінің студенттері Тұрмағамбетов Жандос, Мұсахан Қаныбек кітапханашыларға арнау айтып, жырдан шашу шашты. Сондай-ақ, кітапханашы мамандығының мәртебесі туралы пікірсайыс жүргізіліп, колледж студенттерімен кітапханаға экскурсия жасалды. Университеттің оқу және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Құрманқұлов Абай Барманқұлұлы жылдың үздік кітапханашылары Бақытгүл Көпжасарова, Алма Күрішбекова, Жанар Ақбота, Гауһар Өмірбековаларды қызметтегі жетістіктері үшін алғыс хаттармен марапаттады. Мәртебелі мамандық иелерін құттықтау соңы концерттік бағдарламаға ұласты.