Университет ректоры Тұңғыш Президент күнімен құттықтады

 

АЛМАТЫ. 1 желтоқсан. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Төремұратқызы Алдамбергенова оқу орнының ұжымы мен студенттерін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.
 
Құрметті әріптестер!
Қымбатты жастар!
 
Баршаңызды 1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын!
 
Бұл – киіз туырлықты қазақ қазақ болғалы, Тұңғыш Президентін бүкіл халық болып, дербес түрде сайлаған қуанышты күні. Бұл – егемен еліміздің жаңа тарихындағы маңызы зор дата. Бұл – бүгінде Ұлт Көшбасшысының биік саяси абыройы мен зор тарихи тұлғасы ұлтпен ажырамас егіз ұғымға айналғандығының айқын көрінісі. Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті – жаңа тәуелсіз елдің негізін қалап, шекарасын нықтап, берекесін баптап, баянды болашаққа тура бастап келе жатқан тарихи тұлға. Елбасы күні – елдікке құрметтің белгісі, халықтық мейрам. Дербестігін жариялап, азаттығын алған жиырма алты жыл уақыт ішінде елімізді күллі жаһан жұртшылығы танып, мойындады. Әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси реформалар табысты жүзеге асты. Баянды болашақ, кемел келешекке деген үкілі үміт жалпыхалықтық сенімге ұласты. Тұңғыш Президент күні қуатты мемлекет қалыптастырған Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасын айшықтайтын маңызды мереке ретінде тарих көшіне жалғаса бермек.
 
Тәуелсіздік кезеңінде Елбасының салиқалы да сарабдал саясаты мен тегеурінді де сенімді түрде жүзеге асырған реформаларының арқасында Қазақстан ғасырға татитын жолдан өтіп, жер-жаһанға танылды, зор табыстарға жетті. Әр жыл сайын Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауы көптеген мәселелердің нақты әрі түбегейлі шешілуіне жол ашуда. Қазақстанды дамыту жолындағы жоба-жоспарлар мен түрлі бағдарламалар тиісті деңгейде орындалып, елдің игілігіне айналуда.
 
Бүгінде жаңа тұрпаттағы жасампаз Қазақ елінің жаңғыруынан бастап, мемлекеттік дамудың дариялы жолындағы табыстардың толайымын қазақстандықтар ғана емес, барша əлем жұртшылығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстыратыны ақиқат. Ел Президентінің мызғымас мемлекеттің жарқын үлгісі – «Мəңгілік Ел» құрудағы өлшеусіз тарихи еңбегі халықтың шынайы құрметі мен шексіз сенімінің қадірлі өнегесіне айналды.
 
Данагөй халқымызда «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген ұлағатты сөз бар. Ел болып еңсе көтергелі бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Ырыс – ынтымаққа, ынтымақ – бірлікке ұласып жатыр. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» іс қылғанда ғана, Қазақстан құт пен берекенің, ынтымақ пен ырыстың ошағына айналмақ!
 
Осынау мерейлі күні баршаңызға табыс пен бақ-береке тілеймін! Туған еліміз – Қазақстан өсіп-өркендей берсін!
 
Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti