Тұңғыш Президент күніне орай жиын өтті

 

АЛМАТЫ. 1 желтоқсан. Media_Ortalyq – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күніне орай Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Ұлт Көшбасшысы – ұлағатты істердің ұйытқысы» атты салтанатты жиын өтті.
 
Оқу орнының ұжымы мен студенттері қатысқан шараны университет ректоры Гаухар Алдамбергенова ашып, көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтады.
 
– Бұл – киіз туырлықты қазақ қазақ болғалы, Тұңғыш Президентін бүкіл халық болып, дербес түрде сайлаған қуанышты күні. Бұл – егемен еліміздің жаңа тарихындағы маңызы зор дата. Бұл – бүгінде Ұлт Көшбасшысының биік саяси абыройы мен зор тарихи тұлғасы ұлтпен ажырамас егіз ұғымға айналғандығының айқын көрінісі. Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті – жаңа тәуелсіз елдің негізін қалап, шекарасын нықтап, берекесін баптап, баянды болашаққа тура бастап келе жатқан тарихи тұлға. Елбасы күні – елдікке құрметтің белгісі, халықтық мейрам. Дербестігін жариялап, азаттығын алған жиырма алты жыл уақыт ішінде елімізді күллі жаһан жұртшылығы танып, мойындады. Әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси реформалар табысты жүзеге асты. Баянды болашақ, кемел келешекке деген үкілі үміт жалпыхалықтық сенімге ұласты. Тұңғыш Президент күні қуатты мемлекет қалыптастырған Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасын айшықтайтын маңызды мереке ретінде тарих көшіне жалғаса бермек, – деді Г. Төремұратқызы.
 
Университет басшысы өз сөзінде жаңа тұрпаттағы жасампаз Қазақ елінің жаңғыруынан бастап, мемлекеттік дамудың дариялы жолындағы табыстардың толайымын қазақстандықтар ғана емес, барша əлем жұртшылығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстыратынын атап өтті.
 
Жиынның екінші бөлімі Алма Аманжолова, Абай Әбішев, Көркем Сейсенбек сынды эстрада әншілері мен Қыздар университетінің «Томирис» би тобының қатысуымен мерекелік гала-концертке ұласты. Айта кетейік, іс-шара Өнер және мәдениет факультетінің мұрындық болуымен ұйымдастырылды.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti