Ұлт тарихының өзекті мәселелері сөз болды

 

АЛМАТЫ. 3 желтоқсан. Media_Ortalyq – Биыл Алаш қозғалысына 100 жыл толды. Атаулы дата қарсаңында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Алаш тағылымы – тәуелсіздік негізі» атты жиын өтті.
 
Оқу орнының Ғылыми кітапханасы ұйымдастырған басқосу барысында ұлттың рухани жаңғыру мәселелеріне қатысты Алаш зиялыларының идеялары, Ақпан революциясы және Алаш Орда партиясы мен үкіметінің құрылуы сияқты мәселелер негізгі әңгіме өзегіне айналды. Сонымен қатар, әлі де өмірі мен саяси қызметі толықтай зерттелмеген қайраткерлердің қоғамның дамуына сіңірген еңбектері сараланды.
 
Жиынды кітапхана директоры Бақытжамал Бағашарова ашып, жаһандану жағдайындағы қоғамның рухани жаңғыру мәселесі мен Алаш мұрасы сабақтастығын айқындау турасында әңгімеледі.
 
– Алаш қозғалысы – ұлт мұратын саясат пен руханият тұрғысынан айқындап, қазақтың мемлекет құру тәжірибесі мен мемлекетшілдік мүддесінің үзілмеген алтын арқауы. Алаш қозғалысы сияқты төл тарихымыздағы аса ірі оқиғаға қатысты мәселелердің барлығына шынайы, толымды әрі нақты баға берілуі қажет. Алаш Орданың ғибраты, қайраткерлеріміздің жүріп өткен жолы – тәуелсіз ел болған қазақ халқына тағылым болуы тиіс. Ұлт зиялыларының егемендік жолындағы күресінің салмағы мен бағасын ұғынған сайын біз бүгінгі күннің мән-мағынасын терең сезіне түсеміз. Бұл ең алдымен өскелең ұрпақ үшін, қазақ елінің өміршеңдігі үшін аса қажетті һәм міндетті қасиетті қадам болмақ, – деп атап өтті. Б. Бағашарова.
 
Сондай-ақ, басқосу барысында Қыздар университетінің оқытушылары С. Түменова, Б. Иманбекова рухани жаңғыруымыздың бастауы болған Алаш қозғалысының тарихы жайында кеңінен сөз қозғап, төл тарихымыздағы «ақтаңдақтарды» ашудағы зерттеулерімен бөлісті.
 
– 1917 жылы ақпанда монархиялық биліктің құлауы бұрынғы Ресей империясының территориясында және оның ұлттық аймақтарында демократиялық қайта құрулардың басталуына негіз берді. Отарлық жағдайда күн кешкен қазақ халқының мүддесін қорғап келген ұлт зиялылары жер-жерде құрылып жатқан Уақытша үкіметтің органдарын ұйымдастыруға атсалысып, оларға жетекшілік ете бастады. Ресейдің саяси орталығындағы орнаған қос билік ұлттық аймақтарда, соның ішінде Қазақстанда көп үкіметтілікке алып келді. Халық арасында кең танымал «Қазақ» газетінің төңірегінде топтасқан зиялы қауым өкілдері өзін өзі басқару мен билеу ұрандарын іс жүзіне асыруда Уақытша үкіметке сенім білдіріп, оған үміт артты.Десе де көздеген мақсаттарына жете алмады. Алаш Орда 20 ғасыр басындағы қазақ зиялыларының елді еркіндікке жеткізу, қазақ халқына бостандық әперу жолындағы ерен еңбек, ауыр күрес нәтижесінде дүниеге келген, ұлт болып тұтасу идеясын көтерген әлеуметтік-саяси ірі қозғалыс болды. Большевиктер билігі күшейген тұстан бастап, Алаш Орда үкіметін құрған ұлт зиялылары түгелге жуық «қызылдар қырғынының» құрбаны болды. Алаш ардагерлері аңсаған азат күнге, еркін заманға Қазақ елі 70 жылдан кейін, Кеңес одағы ыдырағаннан соң ғана жетті, – деді олар.
 
Шара соңында Өнер және мәдениет, Әлеуметтік-гуманитарлық факультеттерінің студенттері тақырып төңірегінде баяндама жасап, сахналық көріністерді көпшілік назарына ұсынды.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti