Студенттер «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингіне қатысты

 

АЛМАТЫ. 4 желтоқсан. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында ұйымдастырылған «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» бағдарламасы бойынша семинар-тренингке қатысты.
 
Тәуелсіздік күніне орай жүзеге асырылған жобаның мақсаты – жастарды сыни тұрғыдан ойлауға дағдыландырып, олардың көшбасшылық қасиеттерін дамыту. Алғаш рет өтіп отырған бастама өскелең ұрпақтың отансүйгіштік сезімдерін оятып, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған. Бұл – еліміздің бірегейлігін дамыту мен нығайтудың маңызды тетігі болмақ.
 
Шара аясында Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев «Мәңгілік Ел» жолындағы тарих пен мұра», «Тәуелсіздік және ұлттық қауіпсіздік», «Индустрияландыру және жалпы еңбек қоғамы», «Жалпыхалықтық бірлік, жалпы тарих және жоғары руханилық» тақырыптарында, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Күнсұлу Исинова «Елбасы әлемі» тұжырымдамалық моделінің үш бөлімі: «Тұлға», «Саясаткер», «Жасампаз» (Мемлекет басшысының саяси философиясы)» тақырыбында тренинг жүргізді. Семинарда қазақстандық біртектілікті қалыптастыру тәсілдерімен, жастардың түрлі әлеуметтік жобаларымен кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар, жоба барысында студенттер шағын топтарда өзара тәжірибелерімен бөлісіп, «Қазақстан жолы» интерактивті ғылыми білім беру орталығында практикалық сабаққа қатысты.
 
Қыздар университетінің студенттері семинар-тренингтің екінші күні «Қазконтент» АҚ-ның интернет-жобалар бөлімінің бас редакторы Олжас Беркінбаевпен кездесуге қатысты. Лектор «Тарихты білудің қажеті қанша?» және «Мәңгілік Ел» жайлы не білеміз?» тақырыптарында семинар өткізіп, білімгерлердің сауалдарына толыққанды жауап берді.
 
Жиын соңында Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Махмұт Қасымбеков студенттерге сертификат тапсырып, «Біздің Президент» кітабын тарту етті.
 
– Ғалымдар: «Тарих – жүз жыл немесе мың жыл бұрынғы оқиғалар ғана емес, ол – бүгінгі өткен мен ертеңгі болатын оқиғалар тізбесі» деп тәмсілдеген екен. Расында да, біздің әрқайсымыз тарихтың бөлшегіміз. «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» бағдарламасы аясында өткен екі күндік семинарда сіздер Елбасының өмірбаяны мен қызметі турасында толық мәлімет алумен қатар, бүгінгі әлемге Қазақстан мен оның Көшбасшысы ұсынған бағдарламалық құжаттардың теориялық және әдіснамалық шынайы негізі бар екеніне көз жеткіздіңіздер, – деп атап өтті М. Қасымбеков.
 
Айта кетейік, «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингіне Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің оқуда озат, қоғамдық өмірде белсенділік танытып жүрген бір топ студенттері оқу және тәрбие істері жөніндегі проректоры Абай Құрманқұловтың жетекшілігімен қатысты.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti