Халықаралық педагогикалық байқауда жеңімпаз атанды

 

АЛМАТЫ. 4 желтоқсан. Media_Ortalyq – «XXI» ғасыр педагогы» атты Халықаралық байқауда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің оқытушылары Әлия Исаева, Ләззәт Ахымбекова және Ақмарал Қожабекова жүлделі орындарға ие болды.
 
«Білім» республикалық ғылыми-педагогикалық орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған дәстүрлі сайыс биылғы жылы Петропавл қаласында өтті. Оған еліміздің барлық аймағынан 50-ден астам оқытушы қатысып, бақтары мен баптарын сынады. Үздік ұстаздарды анықтап, олардың жаңашыл һәм кәсіби шеберлігін шыңдауды көздейтін байқау 4 кезең бойынша жүргізілді. Сайыскерлер алғашқы турда өздерін таныстырса, келесі кезеңде ғылыми жобаларын қорғады. Ал, соңғы айналымда білім берудің нормативті-құқықтық базасына орай қойылған сауалдарға жауап беріп, біліктілігін сарапқа салды.
 
– Білімді яки жақсы ұстаз – қай уақытта да ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, зияткерлік және шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін өмірге ендіруге дайын, тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігінің бірі деп есептеледі. Және солай болуға тиіс. Жоғары оқу орнында білікті мұғалімді даярлау үшін оқытушының да, студенттің де қажымас еңбегі қажет. Бүгінде терең білгір маман болу жеткіліксіз. Қазіргі заман ұстазына тарихи-танымдық, педагогикалық-психологиялық, саяси-экономикалық және ақпараттық сауаттылық та қажет. Бұл орайда осы сияқты байқауларды өткізудің маңызы зор деп ойлаймыз, – дейді шара ұйымдастырушылары.
 
Екі күнге созылған сайыс қорытындысы бойынша «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққандар «Үздік электронды оқулық», «Үздік әдістемелік жұмыс», «Үздік сабақтан тыс іс-шаралар жоспары» және «Үздік медиасабақ» аталымдары бойынша марапатталды. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti