Шығармашылық байқаудан жүлдемен оралды

 

АЛМАТЫ. 5 желтоқсан. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Педагогика-психология факультетінің 2-курс студенті Жансая Сапар «Мен жастарға сенемін!» атты дәстүрлі республикалық патриоттық форумында «Қанатты қалам» номинациясының иегері атанды.
 
Алматы қаласының әкімдігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Жандану әлемі» қоры» және «Жас Отан» жастар қанатының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған байқау осымен бесінші рет өтіп отыр.
 
Мақсат – студент жастардың Қазақстанның болашағына деген азаматтық жауапкершілігін көтеру мен олардың ұлтжандылық сезімін арттыру. Екі кезең бойынша жүргізілген форум барысында «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жобалар байқауы, «Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» тақырыбында студенттік эссе байқауы, «Мен жастарға сенемін!» атты студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалар сайысы және «Мәңгілік ел мұратым!» патриоттық ән байқауы өтті.
 
Биылғы байқауға еліміздің 69 жоғары оқу орнының студенттерінен 2000-ға жуық жұмыс келіп түскен. Олардың ішінен 58 университеттен ең үздік деп танылған 400-ге жуық автор гала-форумға шақырту алды.
 
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғырту үдерісінің маңызды бөлігі ретінде жастар арасында «Мәңгілік Ел» идеясы негізінде патриоттық сезімді, туған жеріне деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға басымдық берілді. Осы орайда қатарынан бесінші жыл өтіп келе жатқан республикалық «Мен жастарға сенемін» фестивалі жастардың бойындағы рухани байлықты одан сайын арттырып, болашаққа деген ұмтылысы мен ерік-жігерін молайтқаны ақиқат, – деп атап өтті шара ұйымдастырушылары.
 
Қатысушылардың шығармашылығына белгілі қаламгерлер мен өнер қайраткерлері баға берді. Олардың қатарында «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Аманхан Әлім, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының баспасөз қызметінің жетекшісі Бақыт Беделханұлы, композитор Владимир Питерцев және «Алатау инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының автономды кластерлік қорының бас директоры Санжар Кеттебеков бар.
 
Тартысты өткен байқау қорытындысы бойынша Қыздар университетінің студенті Жансая Сапар «Мен жастарға сенемін!» атты студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалар байқауында «Қанатты қалам» аталымына лайық деп танылды. Оған М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының бір жылға тегін абонементі мен бағалы сыйлықтар табысталды.
 
– «Педагогика және психология» мамандығында оқып жатсам да, поэзияға деген ықыласым ерекше. Алдағы уақытта да өрісті білім мен тағылымды тәрбиенің ордасы атанған Қыздар университетінің абыройын асқақтатып, беделін арттыра беретін боламын. Болашақта жеке шығармашылық кешімді өткізсем деген ниетім бар. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін!» деп жырлаған Мағжан ақынның сөзі бүгінде де өміршең екенін толық дәлелдей білді. Ата-бабаларымыз өскелең жасқа әрдайым зор сеніммен, үкілі үмітпен қарап, қолдап-қуаттап отырған. Қарашаңырақ ҚазҰУ осы форумды өткізу арқылы игілікті істі жалғастырып, ұлт руханиятының дамуына һәм жаңғыруына өзіндік сүбелі үлесін қосуда, – дейді Ж. Сапар.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti