Әріптестік әлеуеті артып келеді

 

АЛМАТЫ. 5 желтоқсан. Media_Ortalyq – Өзара тәжірибе алмасу және әріптестік әлеуетті арттыру мақсатында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова бастаған делегация Алматы Менеджмент Университетіне барды.
 
AlmaU – әлемдік деңгейдегі әлеуметтік жауапкершілігі мол кәсіпкерлік университет. Іргетасы 1988 жылы қаланған оқу орнын осы уақыт мерзімінде мыңдаған түлек тәмәмдады. Биыл Алматы Менеджмент Университеті Орталық Азияның 68 ЖОО-ның ішінде 3-ші орын алып, Eduniversal халықаралық рейтингтік агенттігінің болжамы бойынша бизнес-мектептердің топ тізіміне кірді. Сонымен қатар, оқу ордасы Eduniversal халықаралық рейтингтік агенттігінің болжамы бойынша университеттің МВА және магистратура бағдарламалары әлемнің үздік оқу бағдарламаларының алғашқы 200-не енді.
 
Қыздар Университетінің делегациясы алдымен Нейромаркетинг зертханасымен танысты. Tobil Glassess мобильді жүйесі сынды заманауи құралдармен жабдықталған кешенде университет студенттері ғылыми жетекшілерімен бірлесіп кең ауқымды мәселелер бойынша зерттеулер жүргізу мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, қонақтар симуляция бөлмесінде, шешендік өнер шеберханасында, DesignLab, «ИнжЭкон» Кибер-Полигон зертханаларында, MediaLab мультимедиялық журналистика орталығында, университеттің инновациялық музейінде болды.
 
Шараның екінші кезеңінде оқу орнының ректоры Гүлмира Қорғанбаева «Кәсіпкерлік университетінің моделі», бірінші проректоры Алмагул Қанағатова «АlmaU-дағы жобалық басқару. Білім берудегі менеджмент» тақырыптарында презентация өткізді. Олар өз сөзінде өзіндік дәстүрі қалыптасқан университеттегі академиялық еркіндік, «Білім берудегі менеджмент» бағдарламасының тиімділігі мен мақсаты, AlmaU-дағы білім беруді дамыту институтының жобалары жайында кеңінен баяндады.
 
Сонымен қатар, педагогикалық оқу орнының өкілдері Алматы Менеджмент Университетінің ғылыми-зерттеу саласында атқарылып жатқан жұмыстарымен, академиялық сапасымен, студенттік өмірімен және халықаралық қатынастар саласындағы қызметімен танысты.
 
Өз кезегінде Қыздар Университетінің ректоры бұл шара қос жоғары оқу орнының өзара ынтымақтастығының артуына зор септігін тигізетіндігін атап өтіп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендігін жеткізді.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti