Білім берудің тың әдістеріне арналған жиын өтті

 

АЛМАТЫ. 6 желтоқсан. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқытудың жаңашыл бағыттарына арналған жиын өтті. «Бастауыш мектептерде критериалды бағалау әдістемесі пәнін оқытудың маңыздылығы» тақырыбында ұйымдастырылған басқосу онлайн желісінде жүргізілді.
 
«Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша өткен семинарға Педагогикалық шеберлік орталығының қызметкерлері, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті және Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты.
 
Шара барысында педагогика ғылымдарының кандидаты Р. Нәбуова «Бастауыш мектептерде критериалды бағалау әдістемесі» пәнін оқытудың маңыздылығы, теориялық аспектілері мен болашағы жайында кеңінен әңгімеледі.
 
– Бүгінде елімізде білім берудің деңгейі мен сапасына жаңа талаптар қойылып отыр. Соңғы жылдары жүргізіліп жатқан реформалар білім беру сапасының әлемдік деңгейге сәйкес келуін қамтамасыз етуге орайластырылған. Бұл қадам өз кезегінде нарықта үлкен сұранысқа жауап бере алатын мамандарды даярлау және бәсекеге қабілетті білім беруге негіз болмақ. Білімнің жаңа мазмұнын жүзеге асыру үшін тың технологиялар мен жаңашыл бағыттар қажет. Сондай педагогикалық технологиялардың бірі – оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту. Бұл әдісте өз алдына сұрақтарға жауап іздеп, жан-жақты пікірлесіп, талдау жасап отыру үлкен маңызға ие. Сонымен қатар, шәкірт санасын белгілі бір тақырыпқа байланысты ойын тұжырымдау, жанындағы қатарластарымен пікірлесіп, топта жұмыс істеуге машықтандыру бар, – деп атап өтті Р. Нәбуова.
 
Сабақтың практикалық бөлімінде педагогика ғылымдарының кандидаты А. Жұбандықова 3-курс студенттерімен Блум таксономиясы бойынша сұрақтар құрастырып, тапсырмалардың критерийлері мен дескрипторларын жасауға бағытталған топтық жұмыс өткізді.
 
– Студенттер берілген тапсырмалар бойынша теориялық білімдерін практикамен ұштастыра отырып, ғылыми негіздеме бере білді. Сондай-ақ, жаңаша форматтағы қалыптастырушы бағалау әдістерін жете меңгерумен қатар практикалық қолданыстағы шеберліктерін көрсетті, – деді А. Жұбандықова.
 
Семинарға онлайн желісі арқылы қатысқан өзге жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары тақырыпқа байланысты өз ойларын ортаға салып, пайымды пікірлерімен бөлісті.
 
Жиынның соңында Педагогикалық шеберлік орталығының Алматы қалалық филиалының сарапшысы Ә. Рысқұлбекова білім сапасын көтеруде осы тақілеттес шаралардың маңызы зор екендігін жеткізді.
 
– Сапалы білім беру – оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үдерісі. Қазіргі күнде білім берудегі басты мақсат – жан-жақты, өмір сүруге бейім, өзіндік ой- талғамы бар, адамгершілігі жоғары жеке тұлғаны қалыптастыру. Қыздар Университетінің «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 3-курс студенттері жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымын, мазмұны мен мақсаттарын терең меңгергеніне бүгінгі сабақ барысында толық көз жеткіздік, – деді Ә. Рысқұлбекова.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti