Қыздар Университеті стритболдан республикалық турнирдің жеңімпазы атанды

 

АЛМАТЫ. 6 желтоқсан. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің құрама командасы стритболдан ҚР жоғары оқу орындарының студенттерінің арасында өткен турнирдің жеңімпазы атанды.
 
Тәуелсіздік күніне орай Қыздар Университетінің мұрындық болуымен алғаш рет ұйымдастырылған сайыстың мақсаты – жастардың денсаулығын нығайтып, спорттық шеберлігін шыңдау және олардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру.
 
Екі күнге созылған жарысқа 10 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Атап айтқанда, жарыс жолында М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина академиясы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Қазақстан-Ресей медицина университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті және Қыздар университетінің спорт клубының құрама командалары баптары мен бақтарын сынады.
 
– Барша азаматтардың денсаулығын нығайту – жарқын болашаққа апаратын алтын сүрлеу десе де болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында дене шынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңіл бөлу қажеттігіне басымдық берген болатын. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Отандық жоғары оқу орындарына жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан жеке тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіліп отыр. Бүгінгі жас ұрпақтың білімді де білікті, сапалы азамат болып жетілуі тәлім-тәрбие беретін ұстазға, ата-анаға, өскен ортасына тікелей байланысты. Сондықтан да баршамыздың алдымызда тұрған басты мәселенің бірі – салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, – дейді шара ұйымдастырушылары.
 
Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің құрама командасы 1-орынға ие болды. 2-орынды Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті еншілесе, 3-орын М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының колледжіне бұйырды.
 
Университет басшылығы спорт бәсекесінде «жүзден – жүйрік, мыңнан –тұлпар» шыққан командалар мен жекелей қатысушыларға Алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табыстады.
 
Айта кетейік, жарысқа Қыздар Университетінің командасын Дене тәрбиесі және спорт кафедрасының оқытушысы, жоғарғы санаттағы жаттықтырушы Олег Рукасов дайындады.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti