Қыздар Университетінде жаңажылдық ректор балы өтті

 

АЛМАТЫ. 26 желтоқсан. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде жаңажылдық ректор балы өтті. Дәстүрлі шараға оқуда озат, университеттің қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген студенттер қатысты.
 
«Ұлпан» асханасының үлкен залында ұйымдастырылған кешті оқу және тәрбие істері жөніндегі проректор Абай Құрманқұлов ашып, ректор Гаухар Алдамбергенованың шараға қатысушыларға жолдаған жаңажылдық құттықтау хатын оқып берді.
 
– Қымбатты жастар және қонақтар! Ең алдымен баршаңызды табалдырығымызды аттағалы тұрған жаңа 2018 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Қазақта «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген ұлағатқа айналған сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықтың ұрпағымыз. Тарих қойнауына еніп бара жатқан жыл біз үшін берекелі, жемісті болды. Бірліктің бесігіне, татулықтың тұтқасына айналған еліміз дамудың жарқын белесіне көтерілді. Экономикамыз нығайып, әлеуметтік деңгейіміз өсті. Біз жаңа жылға үкілі үмітпен қарап, тың мақсат-міндеттер белгілейміз. Әз халқымыз оны қашанда биік көңілмен, кемел пейілмен ерекше қарсы алады. Бұл жыл Қазақ елінің жылнамасының жарқын беттеріне жазылатын жаңа кезеңнің жалғасы болады деп сенемін. Құрметті студенттер! XXI ғасыр – кәсіби біліктілік пен ой-өрісі жоғары мамандардың ғасыры. Жаңа мыңжылдықтың қояр талабы – биік. Сіздер осы талап үдесінен толықтай шығып, ерен еңбек етіп, зерек те зейінді, алғыр да талантты, интеллектуалды қабілеті мықты болатындарыңызға сенімдімін! Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы баршаңыздың шаңырақтарыңызға табыс пен ырыс әкелсін! Дендеріңіз саулық, білім алу жолында толағай табыс тілеймін! – делінген құттықтау хатта.
 
Сондай-ақ, ол кеш барысында бірқатар студенттік ұйым белсенділеріне Алғыс хат табыстады.
 
Шараның екінші бөлімі Қыздар Университетінің өнер ұжымдары мен факультет студенттерінің арнайы дайындаған мерекелік концертіне ұласты. Сонымен қатар, бірқатар эстрада жұлдыздары да әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti