Халықаралық семинар латын әліпбиінің маңыздылығына арналды

 

АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. Media_Ortalyq – «Латын әліпбиі – өркениет жолы». Осындай атаумен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде белгілі тіл мамандары мен шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми семинар өтті.
 
Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті ұйытқы болған алқалы жиында жаңа әліпби қалыптастырудың өзіндік ерекшеліктері, латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы кеңінен әңгімеленді.
 
Семинарды Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Жарқынбике Сүлейменова ашып, жүргізіп отырды.
 
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын жазуына көшудің нақты жолдарын белгілеп, оның бүгінгі адамзат мәдениетін дамытуға тигізіп отырған ықпалы мен мүмкіндігін бағамдаған еді. Мақаланың негізгі арқауы – ұлттық салт-дәстүріміз бен тіліміз, мәдениетіміз және ұлттық кодымызды сақтап қалу жолына бағытталған ұлт санасын ояту. Ал тіл – осылардың басты тұғыры, негізі іргетасы. Жаңа латын графикасына көшу қазақ жазуының тарихындағы кемшіліктерден арылтып, ұлттық сана сезімді арттыруға сеп болатындай. Сол арқылы халықтың рухын жаңғыртатын, ұлт санасына серпін беретіндей жүк арқалауы тиіс. Демек, бұл жолғы жаңа әліпби жасау – қазақ зиялылары үшін әлем алдында, туыстас түркі халықтарының алдында, келешек ұрпақ алдында үлкен сын, – деп атап өтті ол.
 
Сонымен қатар, ол өз сөзінде латын әліпбиіне ертерек көшкен Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түрк­іменстан, Кипр секілді түркітілдес елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, олардың жіберген кемшіліктерінен сабақ алу қажеттігін әңгімеледі.
 
Жиын аясында Түркияның Муғла Сыткы Кочман университетінің профессоры Али Акар, доцент Кенан Коч «Латын әліпбиі – өркениет жолы» тақырыбында дәріс оқып, қазақ жазуына тән өзіндік ерекшеліктері мен заңдылықтары турасында баяндады. Сондай-ақ, олар көне түркі, ұйғыр, араб, төте, латын және орыс графикасына негізделген жазулар туралы толық мәлімет бере отырып, ғылыми мүддеге сәйкес ұлттық негізде реформаланған қазақ жазуы жүйесін үйрету мәселесі бірінші кезекке шығатындығын айтты.
 
Шетелдік ғалымдардың пайымдауынша, қазіргі қазақ фонемаларын латын таңбаларымен белгілеп, соған сәйкес жазу нормаларын, емле ұстанымдарын меңгеру кезінде кездесетін қиындықтары туралы да қарастырылуы қажет.
 
– «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 4-ші бөлімінде Мәңгілік ел идеясының мәні мен маңызы толыққанды айтылды. Мемлекет басшысы онда ұлт болашағы жастарға Мәңгілік ел идеясын кеңінен насихаттау қажеттігі жайында айтты. Алға қойылған межелерге жету үшін не істеу керек? Қазақстанды Мәңгілік Елге жетелейтін бір бағыт – латын әліпбиі. Себебі, оны жаһан жұртшылығының жартысы пайдаланады. Қазақстан латын әліпбиіне өту арқылы өркениетке бір табан жақындай түседі. Осыған орай, елімізде латын әрпіне өту кеңінен насихатталуда. Бүгінгі жиын да осының жалғасы іспеттес, – дейді шара ұйымдастырушылары.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti