Өндірістік практика бойынша қорытынды жиын өтті

 

АЛМАТЫ. 29 желтоқсан. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Білім беру мазмұнын жаңғырту жағдайында болашақ педагогтардың кәсіби дамуында педагогикалық практиканың орны мен рөлі» тақырыбында студенттердің өндірістік тәжірибесінің қорытынды конференциясы өтті.
 
Жиын аясында Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», «Орыс тілі мен әдебиеті», «Шетел тілі: екі шет тілі» мамандықтарында оқитын 3-курс студенттері практикалық қорытындыларын баяндап, өз ойларымен бөлісті.
 
– Практиканың негізгі мақсаты – тәжірибе өткізілетін және өндірістік дағды мен әдістер меңгерілетін ұйымның, мекеме немесе кәсіпорынның жұмысын терең зерттеу негізінде білім алушылардың жоғары оқу орнындағы оқыту процесінде алған теориялық білімдерін бекіту, дамыту. Бұл студенттердің білімі мен біліктілігін арттырып ғана қоймай, ақпараттар мен түрлі фактілерді, ережелер мен қағидаларды сараптап, тұжырым жасауға септігін тигізеді, – дейді факультет оқытушылары.
 
Конференция барысында Алматы қаласындағы №140, №59, №148, №15 және №128 мектеп-гимназияларында тәжірибеден өткен студенттер өз мамандықтарына қажетті құзіреттіліктер туралы әңгімелеп, презентациялық жобаларын көпшілік назарына ұсынды.
 
Шара соңында жалпы орта білім беру ұйымдарының өкілдері Қыздар Университетінің басшылары мен студенттеріне өндірістік практикаға қолдау көрсетіп, белсенді атсалысқаны үшін ізгі ниеттерін білдіріп, Алғыс хат табыстады.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti