Университет ректоры жаңа жылмен құттықтады

 

АЛМАТЫ. 31 желтоқсан. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Төремұратқызы Алдамбергенова оқу орнының ұжымы мен студенттерін жаңа жылмен құттықтады.
 
Құрметті әріптестер!
Қымбатты жастар!
 
Баршаңызды табалдырығымызды аттағалы тұрған жаңа 2018 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
 
Қазақта «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген ұлағатқа айналған сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықтың ұрпағымыз. Тарих қойнауына еніп бара жатқан жыл біз үшін берекелі де жемісті болды. Бірліктің бесігіне, татулықтың тұтқасына айналған еліміз дамудың жарқын белесіне көтерілді. Экономикамыз нығайып, әлеуметтік деңгейіміз өсті. Біз жаңа жылға үкілі үмітпен қарап, тың мақсат-міндеттер белгілейміз. Әз халқымыз оны қашанда биік көңілмен, кемел пейілмен ерекше қарсы алады. Бұл жыл Қазақ елінің жылнамасының жарқын беттеріне жазылатын жаңа кезеңнің жалғасы болады деп сенемін.
 
Қадырменді қауым!
 
XXI ғасыр – кәсіби біліктілік пен ой-өрісі жоғары мамандардың ғасыры. Жаңа мыңжылдықтың қояр талабы – биік. Баршамыз осы талап үдесінен толықтай шығып, ерен еңбек етіп, зерек те зейінді, алғыр да талантты, интеллектуалды қабілеті мықты болатындарыңызға сенімім кәміл!
 
Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы баршаңыздың шаңырақтарыңызға табыс пен ырыс әкелсін! Дендеріңіз саулық, істеріңізге толағай табыс тілеймін!
 
Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti