Салалық жаңа кітаптар жарық көрді

 

АЛМАТЫ. 4 қаңтар. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде бірқатар салалық жаңа кітаптар жарық көрді.
 
Атап айтқанда, химия ғылымдарының кандидаты Нұрбала Мырзахметованың «Элементтер химиясы» атты оқу құралында Д. Менделеевтің периодтық жүйесіндегі бейметалдар мен олардың физикалық, химиялық қасиеттерін, алу жолдары мен қолданылуы қарастырылған.
 
– Кредиттік оқыту жүйесінің модульдік оқыту технологиясы студенттерден көп ізденіп, мейлінше өз беттерімен білім алуды талап етеді. Мұндай жағдайда кредиттік оқыту жүйесіне бағытталған қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу құралдарының жеткілікті болғаны дұрыс. Ұсынылып отырған ғылыми еңбек аталған жаңашылдықтар мен талаптарға негізделіп жазылған, – дейді Н. Мырзахметова.
 
Оқу құралы «Бейорганикалық химия», «Элементтер химиясы» және «Сирек элементтер химиясы» пәндерін оқытуда пайдаланылады және студенттер педагогикалық практика барысында қолдануына болады. Кітап он бір тараудан тұрады. Әр тарау белгілі бір топша элементтеріне арналған. Тараудың басында топша элементтері мен олардың қосылыстарының физикалық, химиялық қасиеттерін сипаттайтын қысқаша теориялық материал келтіріліп, типтік есептерді шығару мысалдары, өз бетінше орындайтын тапсырмалар мен жаттығулар, тесттер берілген.
 
Ал, педагогика ғылымдарының кандидаты Күләш Мамирова, оқытушы Ердәулет Төлегеновтың бірлескен авторлығымен жарық көрген «Қолданбалы география» атты оқу құралында қолданбалы географияның негіздері, оның шаруашылық қызметінің түрлі салаларындағы практикалық мүмкіндіктері, қазіргі дүниенің үздіксіз дамуы жағдайындағы географияның мазмұны мен қызметіндегі өзгерістер қарастырылған. Сонымен қатар, кітапта аталған ғылым саласының негізгі зерттеу нысаны, ұғымдары мен терминдері, зерттеу және болжау әдістері сипатталған.
 
– Аймақтық қолданбалы география мәселелерін шешу есебінен қоғам мен табиғат арасындағы өзара байланыстардан туындайтын проблемаларды шешудегі қолданбалы географияның мүмкіндіктерін сипаттау – курс мазмұнының басым бағыты болып табылады. Бұл тұрғыда аталған оқу құралының маңызы ерекше, – деп атап өтті кітап авторлары.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti