«Қыздар Университеті» газетінің логотипі жасалады

АЛМАТЫ. 6 қаңтар. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Қыздар Университеті» газетінің жобалық логотипі жасалды. Ұсынылып отырған үлгіде басылымның латынша жазылған атауының бастапқы әріптері мен кітаптың символы іспеттес өрнек бейнеленген.
 
– Заманауи қоғамда қандай да бір белгінің яки брендтің имиджін көтеру мақсатында ребрендинг әдісі қолданылады. Осыған орай оқу орнының «көзі, құлағы һәм тілі» болып отырған басылымға деген көпшіліктің жаңа көзқарасын қалыптастыру үшін арнайы жобалық логотипін ұсынып отырмыз. Кез келген газет үнемі ізденіс үстінде болуы қажет деп ойлаймын. Шығармашылық тұрғыдан да жаңарып отыру керек. Өзге басылымдарды салыстырып, сараптап, зерделеп «Қыздар Университетінің» жаңа форматын жасауды ұйғардық. Басты ұстанымымыз – оқу орнының арнайы брендін қалыптастыру, ортақ ісіне өз үлесімізді қосу, жаңалықтарды беру барысында жылдамдық пен шынайылық таныту, – дейді Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі, газеттің бас редакторы Жандар Асан.
 
Сонымен қатар, оқу орнының жылнамасын жазып жүрген басылым қаңтар айында жаңа форматта шығады. Жаңа үлгі А минус 2 немесе көптеген шетелдік жетекші газеттердің пішіміне сай D 2 деп аталады. Бұл осы уақытқа дейін шығып келген «Қыздар Университетінің» форматынан үлкендеу. Оқуға ыңғайлы. Кәсіби мамандар арасында «еуроформат» аталған бұл үлгіде Ұлыбританияның «Financial Times», республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері шығады.
 
Айта кетейік, «Қыздар Университеті» газеті 2003 жылдың мамыр айынан шыға бастады. Алғашында «Оңтүстік меридиан» деген атпен жарық көрген университет газеті кейіннен «Ақтоты» деген жаңа атпен офсеттік басылымда шығып тұрған. Ал 2012 жылы 22 наурызда Ұлыстың ұлы күніне орайластыра «Қыздар Университеті» деген жаңа атаумен оқырманға жол тартып келеді. Басылымның басты мақсаты – университеттегі қызметкерлерді, оқытушылар мен студенттерді ғылыми, қоғамдық, мәдени жаңалықтармен, факультеттерде өткен шаралармен, жаңа оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен, монографиялармен, сондай-ақ студенттің мамандық игерудегі жаңа табыстарымен таныстыру.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti