Б. Сарбасов: Ұлттық тәрбие – рухани жаңғырудың өзегі

 

АЛМАТЫ. 9 қаңтар. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Болатхан Сарбасовтың авторлық мақаласы.
 
Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікке өз жолын таңдауы әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі.
 
Ел болу, мемлекет құру сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол жолды ұлттық тәрбиемен жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шығар қорытынды – ұлттық тәрбие идеясы ата-бабалар алдындағы қарыз бен өскелең ұрпақтың алдындағы парыз деп түсінуіміз керек. Яғни, парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз. Ал, ұлттық тәрбиенің көздері фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары болып табылады. Сонымен қатар, отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз мен қарыз, ұлттық намыс, ұлттық сана сезім, ұлттық адамгершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттер сынды сапалар ұлттық тәрбиенің негізігі көрінісі болып табылады. Қысқаша айтқанда, ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Ұлттық тәрбиенің мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпы азаматтық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Қазіргі таңда нарықтық қатынастарға көшу, саясаттағы жариялылық, азаматтық қоғам орнату талаптары тұрғысынан қарап, өзгермелі қоғамда көп мәдениетті, көпұлтты кеңістікке араласуға дайын, кез-келген жағдаятта өз орнын таба білетін, рухани құндылықтары жетілген қабілетті тұлғаның дамуына бағытталған тәрбие мазмұнын қамтамасыз ету өзекті мәселенің бірі болып отыр.
 
Қазақ қыздарының парасат мектебіне айналған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқу ісі мен тәрбие мәселесі ұлттық мамандарды даярлау ісімен тығыз байланыстырылып келеді. Қазіргі таңда оқу орны жаңа заман талаптарына сай жан-жақты кәсіби дайындыққа ие, қоғам сұраныстарына жауап бере алатын, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісімен айналысып келеді. Қыздар Университетінің тәрбие жұмысының негізгі мақсаты – кәсіби маман даярлаумен қатар ұлттық мәдениетке бағытталған, білім мен ғылымның дамуына өз үлесін қосатын жоғары білімді, ұлттық тәрбиеге негізделген, рухани тұрғыдан жетілген, шығармашылық тұлғаны қалыптастыруға жағдай жасау болып табылады. Университеттің педагогикалық ұжымы болашақ мамандардың кәсіби біліктілігн жетілдіру ісіне ғана емес, олардың азаматтық жауапкершілігін, отаншылдық рухын, елдік қасиеті мен ұлттық болмысын да қатар тәрбиелеуге баса назар аударады.
 
Ұлттық тәрбие арқылы жастарды тәрбиелеу мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. «Тәрбие басы – тал бесік» деген сөз тегін айтылмаған. Сөз жоқ, болашақ ұрпақтың өнегелі болуы жастайынан берілген тәрбиеге байланысты. Сондықтан да қандай қоғам да болмасын ұстаз бен шәкірт тәрбиесіне ерекше мән беріледі. «Қазақстан – 2050» бағдарламасына арналған «Стратегиясы мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығы», «Жаңарудың қазіргі жағдайында жалпықазақстандық патриотизмді қалыптастыру» т.б. жастардың бойында азаматтықты және патриоттықты дамытуға бағытталған стратегиялық жоспарында интеллектуалды ұлт қалыптастыру мәселесі жиі айтылады. Осыған орай жоғары оқу орындарында жүргізілетін тәрбие ісі бойынша концепцияны жүзеге асыру, студенттер арасында белсенді азаматтық позицияны қалыптастыру және патриоттық тәрбие беру, студенттік ұйымдардың жұмыстарын ұйымдастыру сияқты жұмыстар бойынша іс-шаралар атқарылып келеді. Қазіргі жастардан жоғары білімді, әрі ынталы, өздігінен шешім қабылдайтын және оған жауап бере алатын, ынтымақтастық пен мәдениет аралық әрекеттерге қабілетті, елінің тағдыры үшін жауапкершілікті сезінетін белсенді азаматтарды қалыптастыруда ЖОО-да атқарылатын жоғарыда аталған шаралардың түп негізі жастарға рухани-адамгершілік пен патриоттық тәрбие беруге келіп тірелуі қажет. Себебі әрбір студент «патриот» сөзінің түпкілікті мәнін толық түсінген жағдайда мемлекеттің дамуына үлес қоса алады.
Қазіргі заманда бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылу үшін, алдымен өзіміздің ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді, мәдениетімізді сақтай отырып, келешек ұрпақты сол арқылы рухани адамгершілікке тәрбиелеуіміз керек. Салауатты да саналы ұрпақ қамын ойлар болсақ, сол қоғам иелерін жан-жақты, ақыл парасаты мол, ізетті, кішіпейіл, мәдениетті азамат етіп тәрбиелеу – ұстаздың, әрбір ата-ананың қоғам алдындағы борышы. Университетіміздің тәрбие жүйесі тарихи ұрпақтар сабақтастығына, бүкіл адамзаттың басым құндылықтарын құрметтеп бағалай білуге, гуманистікке, қайырымдылыққа, адам өміріндегі салауаттылық өмір салтын насихаттауға негізделінген. Қорыта келгенде, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жаңа уақыт талаптарына жауап бере алатын бәсекеге қабілетті, өзіндік тұлғалық ерекшеліктері қалыптасқан, жоғары кәсіби білімді маман даярлау ісі мен ұлттық тәрбие негізінде ұрпақ тәрбиелейтін ұлағат ұясы.
 
Болатхан САРБАСОВ,
филология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti