Университет ұстаздары «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды

 

АЛМАТЫ. 10 қаңтар. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 8 оқытушысы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2017» атағына ие болды.
 
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған байқау қорытындысы бойынша Жаратылыстану факультетінің профессоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Гаухар Байташева, Жаратылыстану факультетінің профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Нұрбала Мырзахметова, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Алтынай Тымболова, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Береке Жұмақаева, Физика-математика факультетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Нұргүл Құрманбекқызы, Физика-математика факультетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Айгүл Дәулетқұлова, Педагогика және психология факультетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Тұрсынай Байназарова және Педагогика және психология факультетінің доценті, психология ғылымдарының кандидаты Мариям Бапаева үздік деп танылды.
 
Атап өтетін жайт, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жоғары оқу орнының оқытушыларын қолдау, біліктіліктерін арттыру және кәсіби тұрғыдан өсулері үшін үлкен мүмкіндіктер туғызу мақсатында аталған грантты тағайындау идеясын ұсынған болатын. Осы жылдар iшiнде бұл грант оқытушылардың педагогикалық және ғылыми әлеуетiн iске асыруына зор ықпал еттi.
 
Байқау отандық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының кәсіби шеберлігіндегі жарыс болып табылады. Мақсаты – ЖОО-ның профессор-оқытушылар құрамының кәсіби-педагогикалық мәдениетін, оқу-әдістемелік және тәрбиелік деңгейді көтеру. Сонымен қатар, кәсіби өзіндік жетілудің жағымды жағдайын жасау арқылы ұстаздардың ғылыми мәртебелік белсенділігін арттыру, оқытушылардың болашақтағы кәсіби даму мотивациясын жоғарылату.
 
Конкурс «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру қағидалары мен берілген мемлекеттік гранттың жұмсалу бағыттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 17 ақпандағы № 235 қаулысына сәйкес ұйымдастырылды.
 
Грант жоғары оқу орнының оқытушыларына әлемнің жетекші университеттерінде шетелдік тағылымдамадан өтуге, өздерінің ғылыми және білім беру жобаларын іске асыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа грант иегерлері бір жыл ішінде халықаралық, республикалық ғылыми конференциялардың, симпозиумдардың, конгрестердің, ғылыми зерттеу тақырыбы және оқу процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша семинарлардың жұмыстарына қатыса алады.
 
Байқауға жоғары оқу орындарында штаттық қызметте, байқауға дейін 5 жылдық үздіксіз ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысады. Сайыс барысында қатысушының соңғы 5 жыл ішінде жеткен жетістіктері, оның ішінде сапалық және сандық көрсеткіштері ескеріледі.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti