Университет ұжымы арасында спартакиада өтеді

 

АЛМАТЫ. 11 қаңтар. Media_Ortalyq – Қаңтар айының 15-19 аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Денсаулық» спартакиадасы өтеді. Осымен бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған дәстүрлі жарысқа оқу орнының профессор-оқытушылары мен қызметкерлері қатысады.
 
Сайыстың мақсаты – оқу орны ұжымының денсаулығын нығайту, спорттық шеберлігін шыңдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру.
 
Спорттың шағын эстафеталар жарысы, арқан тарту, тоғызқұмалақ, волейбол, дартс, шахмат, үстел теннисі және жүзу сияқты сегіз түрінен өткен бәсекеге 10-нан астам команда қатыспақ. Атап айтқанда, жарыс кезеңдерінде факультеттер мен құрылымдық бөлімдердің ұжымынан құралған командалар бақтары мен баптарын сынайды.
 
– Барша азаматтардың денсаулығын нығайту – жарқын болашаққа апаратын алтын сүрлеу десе де болады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында дене шынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңіл бөлу қажеттігіне басымдық берген болатын. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Жалпы білім беретін орта мектепте жан-жақты, дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан жеке тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіліп отыр. Бүгінгі жас ұрпақтың білімді де білікті, сапалы азамат болып жетілуі тәлім-тәрбие беретін ұстазға, ата-анаға, өскен ортасына тікелей байланысты. Сондықтан да болашақ педагог мамандарды даярлайтын ұжымның алдында тұрған басты мәселенің бірі – салауатты өмір салтын насихаттау, – дейді Дене шынықтыру және спорт кафедрасының оқытушылары.
 
Университет басшылығы спорт бәсекесінде «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан командалар мен жекелей қатысушыларға Алғыс хаттар және Грамоталар табыстамақ.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti