Қателік
  • [sigplus] Critical error: Image gallery folder Karlyga/festival2013 is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.

"Түбі бір түркіміз" фестивалі өтті

[sigplus] Critical error: Image gallery folder Karlyga/festival2013 is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.

{besps}Karlyga/festival2013{/besps}

30 қараша күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Түбі бір түркіміз» фестивалі болып өтті. Осымен алтыншы мәрте өткізіліп отырған дәстүрлі фестивальдің өткізілу мақсаты, түркітану және тіл тарихы курсы бойынша оқитын студенттердің университет қабырғасында алған білімдерін этномәдени тұрғыда қауымға таныстыру, түркі халықтарының ұлттық дәстүрі, салт-сана жоралғыларымен тәрбиелеу арқылы адамгершілік, имандылық, инабаттылық қасиеттерді олардың бойына дарыту, түркі халықтарының тілін, тарихын, рухани құндылықтарын, жазба дәстүрін, әдет-ғұрыптары мен дүниетанымын дұрыс түсініп, қадірлеп, қадірлеп, құрметтей білуге үйрету болып табылады.

Фестивальді тамашалауға  Қазақстандағы Түркия Республикасы елшілігінің бас консулы Супхи Атанды, Қазақстандағы «Түркі халықтары мәдени қорының» директоры Ахмет Дағдұран, Ауғанстан Республикасындағы Хазара түркілері ұйымының төрағасы  Алихан бей,  «Түркі әлемі» газетінің ұжымы, «Троя» мейрамханасының директоры  Дурсун Али, татар, түрік мәдени орталықтарының өкілдері, Ауғанстан Республикасындағы Хазара түркілері ұлтының өкілдері мен студенттері келіп қатысты. Биылғы фестиваль даниялық ғалым Вильгельм Томсеннің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетінің аса құнды мұрасы боп саналатын көне түркі жазуының кілтін ашқанына 120 жыл толуына орай (1893 жылдың 25 қарашасы) және Қыздар университетінің 70 жылдық меретейтойы қарсаңында ұйымдастырылды.

ХХІ ғасыр түркі әлемінің алдына жаңа міндеттер жүктеп отырғандығы белгілі. Соның ішінде түркі халықтарының тілі мен әдебиеті, тарихын еліміздің қазіргі рухани тіршілігіміздің қайнар көзі ретінде зерттеу – келелі мәселелердің бірі. Олай болатын себебі, түркі халықтарының өмір тәжірибесі, білім-ғылымы, ұлттық менталитеті - ата-бабалар тарихымен үздіксіз жалғасып келе жатқан құбылыс. Соңғы жылдары түркітану ғылымымен айналысатын ғалымдардың қатары өсіп келе жатқандығы - қуантарлық жайт. Ғылымға айтар ойы өткір, көзқарасы жаңа, танымы бөлек зерттеушілер де келе бастады. Осындай мектептің қалыптасуына негіз болған Қыздар педагогикалық университетінде дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеген Әбжан Құрышжанұлы, Алтай Аманжолов, Ғұбайдолла Айдаров, Сейілбек Исаев, Әрсен Ибатов, Заки Ахметов, Болатжан Абылқасымов, Әбжаппар Аблақов, Амангелді Қошқаров, Мариям Райымбекова, Керейхан Аманжолов, Кеңес Нұрпейісов, Қиясиддин Рахметов сынды түркітанушы ғалымдардың еңбегі бүгінде өз жалғасын тауып отыр.

Түркі әлеміндегі келелі мәселелерді айқындап, түркі мәдениеті мен мұрасын жүйелеп, жұртшылық игілігіне айналдыру үшін осындай рухани бас қосуларды өткізіп тұру қажеттілігі туындайды. Бір аптаға созылған бұл фестивальдің жастар үшін берері мол. Фестиваль аясында А.Мицкевич атындағы Познань университетінің профессоры Хенрук Янковский (Польша), Вашингтон университетінің профессоры Талант Мауқанұлы (Америка), Анкара университетінің профессоры Фунда Топрак (Түркия Республикасы) сияқты түркітану әлеміне танымал ғалымдардың шеберлік сыныптары өткізілді.

Қазақстандық тілші ғалымдар мен шетелдік қонақтардың бірлесуімен  тіл тарихы мәселесіне қатысты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Қазақстандағы Түркі тектес халықтардың мәдени орталықтарына саяхаттар жасалып, «Мен – түркінің ұрпағымын!» тақырыбындағы ғылыми жобаларға бәйге жарияланды. «Түркі базары» жәрмеңкесі мен «Түбі бір түркіміз» атты фестивальдің қорытынды сайысы мерекелік кеш ретінде көрермендер назарына ұсынылады. Биылғы фестивальдің тақырыбы «Түркі халықтарының әзіл-қалжыңына» арналды.

Фестивальдің  «Танысайық сіз бен біз» номинациясы  бойынша әр ұлт өкілдері өздерін таныстырды. «Салт-дәстүрім» номинациясында  әр ұлт өздерінің салт-дәстүрін ортаға салды. «Кел, билейік!»  атты номинацияда әр ұлт өздерінің ұлттық билерін паш етті. «Түркі қалжыңы» номинациясында ұлттық әзіл-қалжың негізінде сахналық көріністер қойылып, «Сый қоржыны» номинациясында бас кейіпкер өз өнерін көрсетті. Ал, «Ас – адамның арқауы» номинациясы бойынша ұлттық тағамдар дайындалып, қазылар алқасына тарту етілді.

Фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі – түрлі ұлт өкілдерін сомдаған студент жастардың сол халықтың тілінде еркін сөйлеуі мен ұлттық билерін тамаша көрсете білгендігі десе болады. «Түркі қалжыңы»  номинациясында студенттер түркі халықтарында кездесетін Алдаркөсе, Қожанасыр, Апенди, Кемине, т.б. бейнелерін әр қырынан танытып көрсете білді. Үздік өнер көрсеткендер арнайы бағалы сыйлықтармен,  мақтау қағаздарымен марапатталды.

Фестиваль аясында ұйымдастырылған «Түркі базары» жәрмеңкесіне Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті студенттерінің қолымен жасалған  қолөнер бұйымдары қойылды.  Студенттерді бизнес негіздеріне үйретіп, өз кәсібін ашуға баулу мақсатында ұйымдастырылған «Жасау» қолөнер орталығында дайындалған бұйымдар көпшіліктің назарын бірден аударды.

Ұлттық бұйымдар адам өмірінің барлық кезеңінде қажет. Атап айтқанда, өмірге келген баланы бесікке салу үшін бесік жабдықтары, тұсауын кесу үшін тұсаукесер бұйымдары, той-томалақтар мен наурыз секілді ұлттық мейрамдар үшін тойбастар, т.б. кәдесыйлар,  келін түсіргенде: шымылдық,  қалыңдық бөркі, көйлегі,  қыз ұзатқанда: төсек-орны, сандығы, той өткізгендегі тойбастар заттары, шапандар мен  басқа да рәсімдерге қажетті заттар, тіпті күнделікті қолданысқа қажетті бұйымдар жасап, үйді сәндеу, сыйлы қонаққа, әсіресе шетелдіктерге берілетін ұлттық нақыштағы кәдесыйларды нарыққа шығару арқылы ұлттық идеологияны қалыптастырып қана қоймай, ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту, табыс табу,  қоғамдағы әйел затының рөлін көрсету - басты идеямыз болып саналады.

Шығармашылық еңбек  адамның материалдық та, рухани да мәдениетін қалыптастыратын саналы адам қызметінің нәтижесі болуға тиіс. Қазақтың ұлттық қолданбалы өнері арқылы эстетикалық тәрбие беру, өнерге деген жаңа көзқарас қалыптастыру - басты мақсатымыз. Өйткені әсемдіктің  керемет үлгісін қолөнер бұйымдарынан, тұрмыстық заттардан, қолданбалы өнерден, ұлттық киімдерден, ою-өрнектерден, кестелеуден, тоқыма бұйымдарынан көруге болады.

Жастарда еліміздің мәдени мұрасы туралы білім қалыптастыру арқылы  оларды азаматтыққа, патриоттыққа, этносаралық түсіністікке тәрбиелеуге болады. Өз ұлтының құндылықтарын  түсінетін, оны бағалай білетін адам ғана өз Отанының партиоты болады, өзге ұлтты да бағалай біледі.  Орталық осы бағытта жұмыс істей отырып,  қазақ қыздарын түрлі өнерге  баулу үшін шеберлерді шақырып, студенттердің өнерлерін ұштауда. Фестиваль  жастарымыздың бойына түркілік рухты дарытып, рухани серпіліс әкелді деген сенімдеміз.


Жәмила ОТАРБЕКОВА
Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті,
«Жасау» қолөнер орталығының жетекшісі,

«Руна» ғылыми-танымдық клубы