«Біз – елдің ертеңіміз!»

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Жастар ісі жөніндегі комитеті Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан білім қоғамы жолында» тақырыбында ашық on-line интерактивті дәрісі мен 16 қарашада елордамыз Астана қаласында өткен «Жас Отан» жастар қанатының 2-съезінде міндеттелген тапсырмаларды насихаттау және оның жүзеге асуына жастардың үлесін кеңінен жетілдіру мақсатында «Біз – елдің ертеңіміз!» атты Алматы қалалық жастар форумын ұйымдастырды. Форумда Алматы қаласындағы жастар ұйымдары мен жоғары оқу орындарындағы жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, жалынды да жігерлі студенттер бас қосты.

Елбасымыз жастар ісіне әрдайым ерекше көңіл бөле отырып, оларға үлкен үміт пен сенім артады. Елбасы көрсеткендей, егеменді еліміздің ең басты мақсаты - өркениетті елдер қатарына көтерілу, өркениетке жетуде жан-жақты дамыған, халықтың тілі мен ділін, дінін, тарихы мен салт-дәстүрін бойына сіңірген, егемен елдің еңсесін көтеруді азаматтық парызым деп ұғатын ұрпақ тәрбиелеу болып табылады.

Форум жұмысына Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Д.Нөкетаева, «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы А.Халбеков, Қазмемқызпу тәрбие ісі жөніндегі проректоры З.Сабырова, Алматы қаласы жастар ұйымдарының көшбасшылары мен ЖОО Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағалары қатысты.

Форум жұмысын Жастар саясаты жөніндегі бөлім меңгерушісі Елнұр Нұрғожаева жүргізіп отырды. Аталмыш форумда университет ректоры Динар Нөкетаева, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы Бақтияр Мәкенұлы, съезд делегаты, Жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы Жансая Жақсықұлова, съезд делегаты, «Жас Отан» Жастар қанатының төрайымы Ғазиза Камалова, Парасатты «НЛО» пікір-сайыс клубының үйлестірушісі Райхан Әбішева, «Кіші Ғылым Академиясы» төрайымы Айман Тажиева және т.б. белсенді жастар сөз сөйледі. Форум жұмысы соңында қарар қабылданып, Елбасымыздың «Қазақстан білімі қоғамы жолында» атты дәрісі мен «Жас Отан» жастар қанатының 2-съезінде міндеттелген тапсырмаларын жастар толығымен орындайтығына сенім білдірді, «Қазақстан – халқы татулыққа ұйыған, жастары жасампаздыққа ұмтылған елге айналды,» - деген Елбасы сөзін берік ұстап, еліміздің көркеюіне жастардың бар күш-жігерін аямай, атсалысуына шақырды. Форум талантты жастардың концертімен аяқталды.

Л.Әділбекова

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 12 13 14 15 16