Қателік
  • [sigplus] Critical error: Image gallery folder Karlyga/club is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.

«Ізгілік» студенттер клубы ізгі істер жасауда

[sigplus] Critical error: Image gallery folder Karlyga/club is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.

 {besps}Karlyga/club{/besps}

Қыздар университетінің педагогика және психология факультетінде  болашақ психолог мамандарды даярлауда кездесетін психологиялық кедергілерді шешу және мұқтаж жандарға көмектесу әрі осы мамандықты терең меңгеру мақсатында өткен жылдың желтоқсан айында «Ізгілік» атты студенттердің әлеуметтік-психологиялық клубы ашылған болатын. 

Клуб осы ұйымға мүшелікке қабылданған студенттерді бірнеше бағыт бойынша әлеуметтік мекемелерде ерікті (волонтер) ретінде жұмыстар атқаруына мүмкіндік жасайды. Атап айтқанда «Жас психолог мектебі» үйірмесі - жетім балалар үйімен, қарттар үйімен, жасөспірімдердің түзету колонияларымен, наркологиялық орталықтарымен, «Девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнаулы білім беру ұйымымен» және әлеуметтік жағдайлары төмен отбасыларымен психологиялық көмек көрсету бағытында жұмыс жүргізеді. Бұл мекемелермен бұрында жұмыстар жүргізілгенімен клуб құрылғалы бері тығыз байланыс орнатылып, арнайы келісімдер жасалынуда.  Білім алушылардың біліктіліктерін жетілдіру мақсатында «Пікір-сайыс интеллектуалды клубы», «Киноклуб», «Нұсқаушылардың семинар-тренингтері», «Психологиялық қуыршақтар жасау» курстары,  «Нейролингвистикалық бағдарламалау негіздері», «Гештальттерапия», «Дене қимыл қозғалысына бағытталған терапия», «Тайцзи-цигун элементтері» секілді сабақтар ұйымдастырылады.

Студенттердің «Ізгілік» тәжірибелік психология клубы жоғарыда аталған мамандықтар бойынша оқитындарды ғана емес, басқа да мамандықтардың белсенді студенттерімен бірге психологияға деген қызығушылығы бар адамдарды да бір ортаға топтастырады. Клуб жұмысы жобалар жүйесі ретінде құрастырылған. Жобалардың мазмұны нақты әлеуметтік дағдыларды студенттердің  (көпшілік алдында шығып сөйлеудің шеберлігі, өзін-өзі көрсете білу және т.б.) жасап үйренуіне, осы айтылғандарды қоршаған ортада іске асыруына,  олардың өз бетінше әрекет жасауына, дамуына мүмкіндік береді. Осы клубтың ашылуына педагогика және психология факультетінің деканы Сайра Нағашыбайқызы Жиенбаева мен теориялық және практикалық психология кафедрасының меңгерушісі Хорлан Тоқтамысқызы Шерьязданованың қолдауы зор болды.

«Ізгілік» клубы оқытушылармен, магистранттармен, педагогика және психология факультетінің түлектерімен, сонымен қоса жүргізіліп жатқан сыртқы іс-шаралардың арқасында университеттің басқа да факультеттерінің студенттерімен де бірігіп қызмет жасай алады. 4 курс студенттері практикалық жұмыстарын, теориялық және практикалық психология кафедрасының профессоры Ақажанова Алма Тәурбекқызының басшылығымен Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша ЛА155/6 жасөспірімдердің түзету мекемесінде өткізеді және жыл бойы сол мекемеде еріктілік қызметін атқарады.

Осы бағыттарда педагогика және психология  мамандықтарының 2-3 курс студенттері Алматы қаласындағы  «Ардагерлер үйінде» жұмыстарды бастады. Осы клубтың жетекшісі ретінде студенттермен біріге отырып «Ардагерлер үйінің» қамқорлығындағы қарттармен 1,5 сағат мөлшерінде «Шеберлік сағаты» өткізілді. Осы кездесуден қарттардың да студенттердің де алған әсерлері өте көп болды. Студенттер психологиялық тренингте өткен тәжірибелерін осы тұста ортаға салды. Қарттарда өз ойларымен бөлісіп, іштегі шерлерін тарқатып, осындай  жұмыстарды ұйымдастырып отырған университет ұжымына  ризашылықтарын білдірді. Студент-еріктілер әр жеті сайын сәрсенбі күндері қарттармен кездесулерін жалғастыруда. Сонымен бірге белсенді  еріктілер Алматы қаласындағы №2 Жетім балалар үйіне барып тәрбиеленушілердің сабақтарына көмектесіп, отбасы қолайсыз болған балаларға психологиялық көмек көрсетуде. Клуб мүшелері аптасына 5 күндей кезектесіп жұмыстарын жалғастырады.  Осы бағыт бойынша Алматы облысындағы №1 балалар үйі әкімшілігімен келісім жасалды және №8 арнайы мектеп-интернатпен де жұмыстар жүргізілуде.

Бұл өткен оқу жылы ішіндегі жасалған жақсы жұмыстардың бастамасы ғана. «Ізгілік» клубы студенттерге тәжірибе жинақтап, өз біліктіліктерін көтеруге, қайырымдылық, мейірімділік сезімдерін дамытуға, әр саладағы психологиялық қызметтің қыр-сырымен танысуға зор мүмкіндігін береді. Осы студенттік клубқа келіп білікті мамандардан психологиялық кеңес аламыз деген университет студенттеріне есігіміз әрдайым ашық.

К.Ғ.Елшібаева,
«Ізгілік» клубының жетекшісі,
психолог-психотерапевт