Симпозиум жұмысы аяқталды



    • Симпозиум жұмысы аяқталды

      Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы өз жұмысын аяқтады.

      Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінің ұйытқы болуымен өткен дәстүрлі жиын жұмысы 17 секция бойынша ұйымдастырылып, оған 164 ғылыми мақала келіп түсті.

      Онлайн режімде үш күнге жалғасқан симпозиумда 100-ден астам ғалым «әл-Фараби», «Абай», «Исмаил Гаспралы», «Ахмет Байтұрсынұлы», «Мұстафа Шоқай», «Физули», «Шыңғыс Айтматов», «Ахмед Джевад», «Әлішер Науаи», «Карабах», «Зия Гёкальп», «Шахрияр», «Эркин Вахидов», «Зәки Валидов (Тоған)», «Гянджеви», «Омер Сейфеддин» және «Молла Панах Вагиф» бағыттары бойынша пайымды пікірлерін ортаға салды.

      Түркі әлемі ғылымы, әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал етуді көздейтін Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы осымен жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда.

      Әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, ғылыми бағытта пікір алмасуды қамтамасыз ету, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау – шараның басты мақсаты.

      Басқосу түбі бір түркі халықтарының өзара ынтымақтастығының нығаюын, әлемде бейбітшілік пен тыныштықтың қамтамасыз етілуін көздейді. 

      Айта кетейік, Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Баку Еуразия университеті және М. Акмулла Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы алғаш рет Түркияның Өмер Халисдемир университетінде 2014 жылдың 18-21 наурыз күндері аралығында өткен болатын.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Бөлісу: