"Әбіров әлемі" жобасы аясында халықаралық конференция болып өтті



    • Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Әлеуметтік гуманитарлық ғылымдар және өнер институтында «Көп мәдениетті қоғамдағы өнер: салт-дәстүрлер және инновациялар» атты IIІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

      Қазіргі қоғамның басты ұстанымы – көзқарасы қалыптасқан зерделі де зерек, жан-жақты тұлға тәрбиелеу болып табылады.

      Осы орайда, 2020 жылдан бастап «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті» КеАҚ Хореография және Арт-менеджмент кафедрасы қазақ сахналық биінің негізін қалаушылардың бірі Әбіров Дәурен Тастанбекұлының шығармашылық және педагогикалық жолын насихаттау мақсатында «ӘБІРОВ ӘЛЕМІ» жобасын іске қосқан болатын.

      Биылғы жылы 3-ші рет «ӘБІРОВ ӘЛЕМІ» жобасы аясында Халықаралық және республикалық конференция болып өтті Аталмыш конференцияда тәуелсіздік жылдарындағы ғылым, білім мен мәдениетіміздің даму жолдары мен басқа мемлекеттердің озық ой-толғамдары сараланып, сарапталды.

       Конференция Қазақстан Республикасының Халық әртісі, профессор Д.Т.Әбіровтің ұлттық би өнеріне және тәуелсіздік жылдарындағы хореографияның дамуына қосқан үлесі жайында, ұлттық өнерді сақтау және дамыту, жаһандану жағдайындағы өнер мен мәдениеттің даму жолдары,өнердегі білім, ғылым бағытындағы өзекті мәселелер деген тақырыптарды негізгі бағытқа алды.

      Конференцияның мақсаты – Өнертану саласының өзекті мәселелерін талқылау және хореографиялық білім беру бағыттары мен оқыту жүйесіндегі инновациялық әдістер мәселелерін талдау, халықаралық деңгейдегі өзара байланыс және ынтымақтастық орнату, сондай-ақ Д.Әбіров еңбектерін өскелең ұрпаққа насихаттау.

      Конференцияға өнер және білім беру саласын зерттеуші ғалымдар, студенттер, магистранттар, докторанттар мен оқытушылар қатысты.

      Бөлісу: