Профессор Н.Р.Аршабековтің 70 жылдығына арналған конференция



    • Профессор Н.Р.Аршабековтің 70 жылдығына арналған конференция

      Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқу ордасының Басқарма Төрағасы–Ректорының кеңесшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Аршабеков Нұрғали Рахымғалиұлының 70 жас мерейтойына орай ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

      Конференция мерейтой иесін құттықтаудан басталды. Көп жылдар бойы отандық жоғары білім беру жүйесінде, яғни ҚР білім және ғылым министрлігінде жауапты қызметтер атқарған, сол тәжірибесі арқылы еліміздегі жоғары оқу орындарында басшылық қызметте, атап айтсақ, Павлодар педагогикалық университетінің Ректоры, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Ректордың міндетін атқарушы, Ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректор лауазымдарында қызмет етіп, көшбасшылық қабілеттілік танытып, Университетімізді күрделі кезеңдерден алып шығуға елеулі септігін тигізген Аршабеков Нұрғали Рахымғалиұлына деген ізгі тілектер көп айтылды.

      ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің атынан келген құттықтау хатты университетіміздің Академиялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Нұрсағатқызы жеткізді.

      • «...Қадірлі Нұрғали Рахымғалиұлы, сізге ғылым жолындағы жоғары шығармашылық әлеуетті сақтауды және жаңа жетістіктер мен батыл идеяларды жүзеге асыруды тілеймін. Мағыналы да мазмұнды ғұмырыңыздың осы мерейлі де мәртебелі сәтінде Сізге зор денсаулық, мол бақыт, отбасыңызға бақ-береке, ғылым жолындағы ізгі ізденістерің сара да салмақты табыстарға ұласып, әрдайым халық ілтипатына бөлене беруіңізге тілектеспін...» делінген құттықтау хатта.

      Келесі құттықтау хат Басқарма Төрағасы– Ректор Гүлмира Қанайдың атынан берілді.

      «...Жақсы адам шамшырақ секілді шуағын шаша жүреді. Сіздің басқаруыңызбен Университетіміз қиын кезеңдерден сүрінбей өтіп, биік белестерге  шыға білді. Біз Сізді әділ басшы, іскер маман ретінде жақсы білеміз. Қаншама жас ұрпаққа білім- ғылымның қыр-сырын үйретуден жалықпаған Сіздей тұлғалар өзі тәрбиелеген шәкірттерімен мың жасайтыны сөзсіз!..» деген ізгі тілекті Басқарма басшысының және ұжым атынан Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Закир Даниярұлы табыстады.

      Біздің университеттің серіктесі туыстас Түркия Республикасының Оңдокуз Майис университеті де   профессордың 70 жылдық мерейтойына орай құттықтау хат жолдады. Жақсы  тілектерге толы хаттың мәтінін осы университеттің профессоры Сафа Челеби мырза оқып, ыстық лебізін білдірді. 

      Әріптестерімізге жылы лебіздері үшін алғыс айтамыз.

      Сонымен қатар мерейтойға Павлодар қаласынан Павлодар педагогикалық университетінің өкілдері қатысты. Аталмыш университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Андрющенко Ольга Константинова Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақовтың және Павлодар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы Жанбол Жилбаевтың құттықтау хаты мен ыстық ықыласын жеткізді.

      Құттықтау сөз алған қауым Нұрғали Рахымғалиұлының көшбасшылық қабілетін, асып-таспайтын қарапайым мінезін, әрдайым әріптестеріне, әсіресе жас буынға жауапты істі жігерлендіре отырып сенім тапсыратынын, ғылым мен білімге үнсіз ғана үлес қосып жүрген ізгі қасиетін тілге тиек етті.

      Ілтипат пен құттықтау легі университеті студенттерінің музыкалық «Туған жер» атты  ән тартуына ұласты.

      Конференцияның ғылыми-тәжірибелік бөлімін Қазақстандағы және әлемдегі педагогикалық білім берудің өзекті мәселелерін талқылауға арналған конференцияның екінші бөлімінде Нұрғали Рахымғалиұлы «Жоғары білім беру жүйесін жаңа жағдайға сай жаңғырту» тақырыбындағы баяндамасымен жалғастырды. Сонымен қатар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен және Батыс Қазақстанның медицина және педагогика университеттерінен қатысқан ғалымдар «Білім саласының қоғам мен экономикаға әсері», «Қазіргі қоғам құндылығы әлеуметтік жауапкершілік» , «Жаңа қазақстандықты тәрбиелеуде білім берудің педагогикалық шарттары», «ХХІ ғасыр қазағының жаңа бейнесін жасаудағы ақын шеберлігі» тақырыптарында өз баяндамаларын оқыды.

        Департамент маркетинга и коммуникаций

        Контактный телефон: +7 727 237 00 05      

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz   

      Бөлісу: