Еліміздегі үздік жас ғалымдар анықталды



    • Еліміздегі үздік жас ғалымдар анықталды

       АЛМАТЫ. 8 қаңтар. Баспасөз орталығы – Еліміздегі үздік жас ғалымдар кім? Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жанынан құрылған Қазақстан жас педагог ғалымдары Қауымдастығының бастамасымен отандық жоғары оқу орындары оқытушыларының арасындағы республикалық байқау мәреге жетті.

      Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен ұйымдастырылған сайыстың басты мақсаты – білім және ғылым саласында қызмет атқаратын жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту, олардың жаңа білім мен технологияларды меңгеруге тарту және заманауи жас ғалым моделін қалыптастыру.

      Байқауға қатысушыларды түрлі критерийлер бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Қорының өкілдері, білім және ғылым саласындағы түрлі ұйымдардың басшылары мен Қазақстан жас педагог ғалымдары Қауымдастығының мүшелері бағалады.

      Жас оқытушылар конкурс барысында байқауға қатысудағы басты мақсаты туралы арнайы шығарма және педагогикалық білім берудегі мәселе турасында эссе жазып, авторлық курсы мен жобасы туралы презентация қорғады. Сонымен қатар жас оқытушылар өз пәні бойынша TED форматында мотивациялық дәрістер оқыды.

      Бірнеше кезең іріктеуінен өткен конкурстың қорытындысы бойынша Қыздар университетінің аға оқытушысы Дариға Батаева бірінші орынға ие болды. Ол байқауда «ЖОО зоология курсын оқытудың ерекшеліктері» жобасын қорғады. Ал екінші орынды А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің оқытушысы Қуаныш Бектұрғанов қанжығалады. Оның жобасының атауы – «Тарихты оқытудағы ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолдану». Ал үшінші орынды «Дәстүрлі емтихан немесе өз шығармашылығын көрсету» жобасымен А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Виктория Бежина мен «Фольклортану тарихы мен теориясы» жобасымен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Гүлназ Сағынадин өзара бөлісті.

      Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйақымен және «Құрмет» грамоталарымен марапатталды.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: