ҚызПУ студенті республикалық байқауда жеңіске жетті

    • АЛМАТЫ. 18 қаңтар. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Диляра Надырханова «Мен жастарға сенемін!» VIII Республикалық жастар форумы аясында ұйымдастырылған «Қайырымды қоғам» студенттік қайырымдылық жобалар байқауында топ жарып, бас жүлдеге ие болды.

      Жеңімпазға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1 жыл тегін оқу білім гранты тағайындалды.

      Диляра Надырханованың белсене атсалысуымен «Қайырымды қоғам» атты челлендж аясында Қыздар университетінде ізгілікке негізделген акциялар мен іс-шараларды өткізу қолға алынды. Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай ҚазҰУ-дан бастау алған игілікті іске ұлағат ұясы атанған ҚызПУ-дың білім алушылары жан-жақты қолдау көрсетіп, ол одан әрмен жалғасын табуда.

      Қазіргі күнде оқу орны студенттерінің бастамасымен қайырымдылық жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Іс-шараның басты мақсаты – университет ұжымы мен студенттерінің санасына мейірімділік, сүйіспеншілік, қайырымдылық сияқты ізгі ұғымдарды қалыптастыру. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен жеткіншектерге көмек көрсету, оларды рухани тұрғыда қолдап-қуаттау. Дана халқымызда «қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген ұлағатты сөз бар. Қайырымдылық – ұлтымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа жан риза» дегендей Қыздар университетінің студенттерінің көмекке мұқтаж жарымжан азаматтарға қамқорлық көрсетіп, жүрек жылуын ұсынуы һәм сауабы мол іске атсалысуы – көпке үлгі болатын игілікті іс деп білеміз. Әлеуметтік әділдік, теңдік, өзара сыйластық пен қамқорлық туралы ниетті тек қана мемлекет емес, азаматтық ортаның өзінің көтеруі – қоғамымыздың кемелденгенін, жаңғырғанын көрсетеді.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com