Қыздар университетінде 1631 түлек ҰБТ тапсырады



    • Қыздар университетінде 1631 түлек ҰБТ тапсырады

      АЛМАТЫ. 23 маусым. Баспасөз қызметі – Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. 23 маусым мен 5 шілде аралығында өтетін білім сынағына 1631 түлек қатысады. Олардың 1311-і – қазақ тілінде, 320-сы – орыс тілінде тест тапсыруға өтініш білдірген.

      Қыздар университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асанның мәліметі бойынша, білім ордасының базасында Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы және республикалық деңгейдегі білім беру мекемелері мен орта арнаулы оқу орындарының бітірушілері баптары мен бақтарын сынайды.

      – Қыздар университеті сынақты өткізуге толықтай дайын. Ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін аудиторияларда бейнебақылау қондырғылары орнаталып, тұтас емтихан барысы онлайн бақылауда болады. Биыл ҰБТ пандемияға орай барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілмек. Аудиторияларға кіретін есікте жылжымалы дезинфекциялаушы тоннельдер орналастырылып, тепловизормен, аяқ киімді зарарсыздандыруға арналған кілемшемен, бактерицидті лампалармен, қолданылған маскаларды жоюға арналған жәшіктермен, медициналық бекетпен, санитайзермен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Түлектер бекітілген арнайы арақашықтықта отырады. Бір аудиторияда орташа есеппен 18 адам болады. Әр кабинетте антисептикалық құралдар да қойылған, – деп атап өтті Жандар Асан.

      Университет аумағында баррикадалық шектеу ленталары орнатылған және тест тапсырушылар арасында кем дегенде 2 метр қашықтықты сақтау үшін сынаққа қатысушылар саны бірнеше есеге азайтылды. Ол үшін 10-нан астам аудитория әзірленді.

      Айта кетейік, биылғы тестілеудің ерекшелігі – санитарлық талаптардың күшейтілуі болмақ. 2020 жылы тестілеуге қатысуға рекордтық көлемде – 131 755 өтініш қабылданған.

      Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу тәртібі бұрынғы форматта қалды. Бұдан былай талапкерлерге калькулятор берілетін болады. Сондай-ақ тестілеу уақыты да біршама ұзартылды. Ата-аналар мен түлектердің сұрауымен тестілеу уақыты тағы 10 минутқа ұзарып, ҰБТ 4 сағат өтетін болды. Ғимаратқа кіргізу барысында және аудиторияда тыйым салынған затпен ұсталған түлек тестілеуге жіберілмейді және биыл ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айрылады.

      Карантин шараларына байланысты тағы бір ескерер жайт, ата-аналарға және түлектерді алып жүруші басқа адамдарға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-аналар ҰБТ өту барысын үйінде отырып, онлайн көре алады. Бұл үшін әрбір аудиториядан трансляция қамтамасыз етіледі. Тест тапсыру өтетін ғимарат аумағын құқық қорғау органдары күзетеді.

      ҰБТ-дан кейін білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін немесе ақылы негізде білім алу бағытында ұлттық жоғары оқу орындарына кемінде 65 балл, ал басқа жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім ұйымдарына кемінде 50 балл жинау керек.

      Оған қоса, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім салалары бойынша кемінде 60 балл, «Педагогика ғылымдары» саласы бойынша кемінде 70 балл болуы тиіс. Ал «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» саласына кем дегенде 65 балл қажет.

      Бөлісу: