Жәрмеңкеде 3 300 бос жұмыс орыны ұсынылды



    • Жәрмеңкеде 3 300 бос жұмыс орыны ұсынылды

       АЛМАТЫ. 28 сәуір. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Жас маман» республикалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараға 600-ге жуық бітіруші курс студенттері мен 100-ден астам жұмыс беруші қатысты.

      Қыздар университетінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отырған жәрмеңке педагогикалық мамандықтар бойынша білім алған түлектерді жұмыспен қамтуға арналған.

      Іс-шара жастарға бүгінде білім беру ошақтарында қай сала мамандарына сұраныс көп немесе тапшы екендігін және еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасуға болатындығын анықтауға септеседі. Сондай-ақ жәрмеңке «дипломмен – жұмысқа» жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.

      Жоғары және орта арнаулы оқу орындары, қалалық, аудандық білім басқармалары мен бөлімдері, жалпы білім беру ұйымдары мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің қызметкерлері қатысқан жиынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Еркін Жұманқұлова ашып, ұстаздар даярлайтын оқу орнының бітіруші түлектерін жұмыспен қамту орайында өткізіліп отырған шараның мәні мен маңызына кеңінен тоқталды.

      – Жәрмеңке отандық педагогикалық жоғары оқу орындарының бірыңғай қазақстандық білім беру кеңістігін қалыптастыру, жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша ортақ диалог алаңын құру, оларға жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат беру және түлектерді тұрақты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы екендігін атап өтті. Осы орайда педагогикалық мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жастар арасында жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешудің механизмі болып отыр, бүгінде, – деп атап өтті Еркін Жұманқұлова.

      Сонымен қатар онлайн режімдегі басқосу барысында Алматы қаласы Алатау аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Ақмурзаева, Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының кадр бөлімінің басшысы Құрманғазы Қалықұл, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының әкімшілік бөлімінің басшысы Жанна Абдрахманова және өзге де білім беру ұйымдарының басшылары сөз сөйлеп, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселелерді ортаға салды.

      Жәрмеңкеде жұмыс берушілер өз мекемелеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды. Студенттер бұл мүмкіндікті пайдаланып түйіндемелерін жолдады.

      – Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру жас мамандарға ғана емес, жұмыс берушілер үшін де маңызды. Жастар өздерін қызықтыратын бос орындар туралы мәлімет алуға, ал біздер үшін түлектердің іскерлік қасиетін бағалауға мүмкіндік тудырады, – дейді білім беру мекемелерінің басшылары.

      Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру мен мансап бөлімінің ақпаратына сүйенер болсақ, жәрмеңке педагогикалық, гуманитарлық, жаратылыстану және өнер саласында мамандар даярлаудың жекелеген бағыттары бойынша ұйымдастырылды.

      Статистикалық мәліметтер бойынша, өткен оқу жылында университетті 1 619 студент тәмамдап, олардың 94 пайызы жұмысқа орналасқан. Ал 2019 жылы «екі қолға бір күрек тапқандардың» үлес салмағы 91 пайызды құрайды.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: