Ынтымақтастықты дамыту жайы талқыланды

    •  АЛМАТЫ. 14 шілде. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (BCPD) өкілдерімен кездесті.

      Кездесу барысында тараптар оқу орны мен халықаралық ұйым арасында өзара ынтымақтастықты арттырудың түрлі тетіктерін қарастырды.

      Атап айтқанда, BCPD Ltd бас атқарушы директорының міндетін атқарушы Эльмира Обри «Alpharabius» жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған толық циклды білім беру платформасын таныстырды.

      Білім беру платформасының мазмұны оқушының жеке, академиялық және әлеуметтік-экономикалық бағытта жан-жақты дамуы үшін ерте кәсіптік бағдарлау мен өмірлік дағдыларды оқытуға бағытталған.

      – Платформаның мақсаты – оқушылардың ішкі таланттары мен қызығушылықтарын анықтау, мансаптық мақсаттарын қою, мамандық пен кәсіпті таңдау, қосымша өмірлік дағдыларды дамыту және олардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыру, – деп атап өтті Эльмира Обри.

      «Alpharabius» платформасының негізгі өнімдері – BCPD командасы әзірлеген мектеп оқушылары мен студенттерге арналған бірегей курстар мен конкурстар, сонымен қатар Alpha Partners бағытында ұсынылған EdTech қоғамдастығы серіктестерінің жобалары.

      Өз кезегінде университет ректоры BCPD командасы ұсынған жобаға қызығушылық танытып, алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге ниетті екендігін жеткізді.

      P.S. «Alpharabius» білім беру платформасымен мына жерден таныса аласыз.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com