Университет ректоры Нұрғали Аршабековке алғыс білдірді



    • Университет ректоры Нұрғали Аршабековке алғыс білдірді

       АЛМАТЫ. 17 шілде. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай бұған дейін оқу орны Ректорының міндетін атқарушы, Ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған Нұрғали Аршабековке жұмысы үшін алғыс білдірді.

      Университеттің құрылымдық бөлім басшылары қатысқан жиында Гүлмира Әмірханқызы Нұрғали Аршабековті білім ордасының дамуы жолында істеген елеулі ісіне тоқталды.

      – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы және Өзімнің атымнан Сізге Ректордың міндетін атқарушы, Ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректор лауазымдарында атқарған қажырлы қызметіңіз бен іскерлігіңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Жоғары көшбасшылық қабілеттілік танытып, Университетімізді күрделі кезеңдерден алып шығуға елеулі септігіңізді тигіздіңіз.  Сонымен қатар, Сіздің көп жылдар бойы отандық жоғары білім беру жүйесіндегі еңбегіңіз бен жинаған тәжірибеңіз біздің Университеттің дамуына тың серпін, жаңа бағыт берді. Оқу орны ғалымдарымен қатар жас ғалымдары да арнайы гранттық жобалар конкурсында жеңімпаз атанды. Аз уақыттың ішінде оқытушылардың ғылым жолындағы ізденістеріне жол ашылды. Әлемдік үздік тәжірибелер негізінде адами капиталды дамытуға үлес қосатын Университет құруда ұжым қатарында қабілеті мен қарымы, біліктілігі мен тәжірибесі мол Сіз сияқты тұлғаның болуы біз үшін үлкен мәртебе, – деп атап өтті Гүлмира Қанай.

      Айта кетейік, Университет басшысының бұйрығымен Нұрғали Аршабеков Басқарма төрағасы – Ректордың кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: