Ғалымдардың еңбектері таныстырылды



    • Ғалымдардың еңбектері таныстырылды

       АЛМАТЫ. 15 қазан. Баспасөз орталығы – Кітапханашылардың кәсіби мерекесі қарсаңында Университетімізде «Білім мен ғылым – кітапта» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

      Онда отандық ғалымдардың ел тәуелсіздігі жылдарында жарық көрген кітаптары қойылып, «Альманах», «Қазақ университеті» баспа үйлерінің жаңа өнімдері таныстырылды.

      Шараның ресми бөлімінде Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай Ғылыми кітапхана ұжымын кәсіби мерекесімен құттықтап, кітапханашылардың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті.

      Кітапхана – биік парасаттылық пен зиялылықтың қастерлі ордасы. Білім мен ғылымның қайнар көзі. Көзіқарақты оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір рөлін атқарып, кітапхананың тіршілігіне жан беретін кітапхана саласының мамандары екендігі белгілі. Сіздердің атқарып отырған қызметтеріңіз бағалы қазынаны сақтауда және ұлт әлеуетін арттыруда маңызы зор. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақ-береке, игілігі зор еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Университет ректоры.

      Сондай-ақ шара барысында оқу орнының басшысы кітапхананың бір топ қызметкерін оқу орнының дамуына қосқан үлесі үшін «Алғыс хатпен» марапаттады. Олардың қатарында Гүлзира Қожамқұлова, Ұлбала Нысанбаева, Әсел Оспан, Айнара Нұрғожаева, Талшын Хамзина, Қуаныш Көбенов, Айбол Жұмаділов сынды қызметкерлер бар.

      Сонымен қатар Гүлмира Қанай Алмагүл Кенжебековаға «Кітапхана ісінің ардагері», Әсемгүл Мұстахметоваға «Кітапхана ісінің үздігі», Айгүл Мархабаеваға «Кітапхана ісінің үздігі», Бақыт Сағындыққа «Кітапхана ісінің үздігі» және Гүлдана Қалиеваға «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгілерін табыстады.

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің кітапханасы 2000 жылы автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйеге көшті. 2011 жылы    кітапханаға Ғылыми кітапхана статусы беріліп, осы жылы «Springerlink», «The Web Knowledge» платформасындағы «Thomson Reuters» толық мәтінді   интерактивті дереккөздері ұсынылды. Ал, 2012 жылдан бастап толық мәтінді электронды оқулықтары бар «Электронды кітапхана» қоры ашылып электрондық  ресурстар орталығы  ашылды.

      Алғаш рет 3 190 кітап қорымен өз қызметін бастаған кітапханада бүгінгі таңда әдебиеттер саны 1 миллионнан асады.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: mar.com@qyzpu.edu.kz 

      Бөлісу: