Университет студенті – футболдан Қазақстан кубогінің күміс жүлдегері



    • Университет студенті – футболдан Қазақстан кубогінің күміс жүлдегері

      АЛМАТЫ. 26 қазан. Баспасөз орталығы – Біздің Университеттің 2 курс студенті Айдана Құзтай футболдан Қазақстан кубогінің күміс жүлдегері атанды.

      Бүгінде Айдана Педагогика және психология институтында «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алуда.

      Бірнеше жылдан бері ол «Оқжетпес» әйелдер футбол клубында өнер көрсетеді.

      Команда 2019 жылы футболдан Қазақстан чемпионатында қыздар лигасының финалисі атанып, УЕФА чемпиондар Лигасына жолдама алған болатын. Сонымен қатар, 2020 жылы Қазақстан кубогінің күміс жүлдесіне және ел чемпионатының күміс медаліне ие болды.

      Айдана өнер көрсететін «Оқжетпестің» халықаралық жарыстарда да бағы жанып келеді. Атап айтқанда, команда биылғы жылы Ресей астанасы Мәскеуде өткен Чемпиондар Лигасында Англияның «Арсенал» және ресейлік «Локомотив» сынды жоғары класс командаларымен матчтық кездесулер өткізді.

      Жарыс барысында Айдана Құзтай шеберлігімен, тактикалық ойын өрнегімен көзге түсіп, қарсыластарына есесін жібермеуге тырысты.

      2021 жылғы сәуір-қыркүйек айлары аралығында футболдан өткен Қазақстан чемпионатында «Оқжетпес» екінші орынға ие болды. Өз командасының жоғары жетістікке жетуіне Айдананың қосқан үлесі мол. Осыған орай Университетіміздің студентіне «Қазақстан Республикасы спорт шеберлігіне үміткер» дәрежесі берілді.

      – Мен спортпен мектепте оқып жүрген кезімнен айналысамын. Бұған дейін бірнеше белді футбол командаларының құрамында ойнап, шеберлігімді шыңдадым. Қол жеткізген нәтиже де жоқ емес. Жас кезімнен футболға деген әуестігім зор еді. Аталған спортқа деген сүйіспеншілігім Көкшетаудағы «Оқжетпес» әйелдер футбол клубына алып келді. Кез келген жарыста жеңіске деген жігеріміз зор болады. Бізге сенім артқан бапкерлеріміздің үміттерін ақтауға тырысамыз. Үлкен нәтижеге жетуімізге негізгі себепкер болған сол азаматтар, – дейді Айдана Құзтай.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: