Гүлмира Қанай ректорлардың халықаралық форумына қатысты



    • Гүлмира Қанай ректорлардың халықаралық форумына қатысты

      БІШКЕК. 22 қараша. Баспасөз орталығы – Бүгін Бішкекте Қазақстан және Қырғызстан жоғары оқу орындары ректорларының халықаралық форумы басталды. «Заманауи жоғары білімді трансформациялау: негізгі трендтер мен ынтымақтастық траекториясы» тақырыбындағы жиынға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай қатысты.

      Форумды Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Болот Купешов ашып, алқалы басқосудың басты мақсатын баяндады. Ол өз сөзінде бауырлас мемлекеттер арасындағы білім және ғылым  салалары бойынша ынтымақтастықтың маңыздылығына да тоқталды.

      Сондай-ақ басқосу барысында қазақстандық және қырғызстандық жоғары оқу орындарының басшылары баяндама жасады. Ректорлар оқу процесін цифрландыру, өзара тәжірибе алмасу, халықаралық әріптестікті дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және оқу бағдарламаларын даярлау сынды мәселелерді талқылады.

      Форумда Гүлмира Қанай педагогикалық университеттегі білім беру бағдарламаларының деңгейі, олардың мақсаттары мен білім сапасын арттырудағы рөлі туралы әңгімеледі.

      – Бүгінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Foundation-да, колледжде 2, бакалавриатта 49, магистратурада 27 және докторантурада 14 білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлайды. Соңғы оқу жылында бакалавриат бойынша 13, магистратура бойынша 2 жаңа бағдарлама енгізілді. Сондай-ақ университетте педагогикалық бағыттағы «Химия», «Биология», «Физика» және «Физика-Электроника» бағдарламалары ағылшын тілінде жүргізіледі. Біз білім беру бағдарламаларын үнемі жетілдіруге басты назар аударамыз. Бұл орайда кәсіби қоғамдастықтар мен жұмыс берушілерді бағдарламаларды әзірлеуге белсенді қатыстырып келеміз, – деді университет ректоры.

      Сонымен қатар форумда қырғызстандық бірқатар жетекші жоғары оқу орындарының басшылары білім беруді трансформациялау және цифрландыру саласындағы тәжірибелері туралы айтты.

      Айта кетейік, форумға 6 қазақстандық және 17 қырғызстандық университет ректорлары қатысты.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: