Университетте «Өзін-өзі тану» білім беру бағдарламасы дамиды



    • Университетте «Өзін-өзі тану» білім беру бағдарламасы дамиды

      АЛМАТЫ. 24 қараша. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы одан әрмен дамиды. Бүгін оқу орны Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.

      Құжатқа Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай мен Институт Президенті Елена Сакенова қол қойды.

      Тараптар алдағы уақытта сондай-ақ ғылыми-әдістемелік және оқу материалдарымен, академиялық ақпаратпен алмасып, бірлесіп конференциялар, вебинарлар, симпозиумдар мен академиялық кездесулер өткізбек.

      Сонымен қатар меморандум аясында рухани-адамгершілік білім беру саласында ғылыми зерттеулер ұйымдастырылып, олардың нәтижелері білім беру ұйымдарының практикалық қызметіне енгізілетін болады.

      Келісім ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті дамыту үшін гранттар алуға өтінімдерді бірлесіп дайындауды да қарастырады.

      – Біздің Университет еліміздегі ұстаз мамандарын даярлайтын іргелі педагогикалық жоғары оқу орны. Сондықтан да бұл ынтымақтастықтың болашағы зор деп айтуға болады. Себебі біз болашақ мұғалімдерді даярлап қана қоймай, оларға Университет қабырғасында ұлттық тәрбие береміз. Әлбетте отбасыдан бөлек мектеп пен жоғары оқу орындарындағы тәрбиенің алатын орны өте маңызды. Ал тәрбиенің ішінде рухани-адамгершілік тәрбиеге көңіл бөлетін бірден-бір пән – «Өзін-өзі тану» пәні, – деп атап өтті Университет ректоры.

      Біздің Университет 2001 жылы «Өзін-өзі тану» пәнін жүргізу бойынша елімізде алғашқы эксперименттік базаға айналған болатын.

      20 жыл бойы оқу орнының білім алушылары аталған пәнді үздіксіз оқып келеді.

      Себебі «Өзін-өзі тану» нағыз адам болудың сыры мен қырын үйрететін пән.

      Пәннің асты мақсаты – білім алушының өзін дұрыс түсінуіне, дарындылығы мен қабілеттерін дамытуға, өмірдің мәнін ұғынуға және өмірден өз орнын таба білуге көмектесу.

      Қазақ елінің болашақ жас ұрпақтарын жан-жақты дамытуда өзін-өзі тану сабақтарының орны ерекше.

      МЕДИА

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz