Университет ғалымдары ғылыми өнертабыс патентіне ие болды



    • Университет ғалымдары ғылыми өнертабыс патентіне ие болды

      АЛМАТЫ. 26 ҚАҢТАР. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – QyzPU ғалымдары ғылыми өнертабыс патентіне ие болды. Құрамында химия ғылымдарының докторы, профессор Болат Жиембаев, аға ғылыми қызметкер Ақбота Қуандықова мен Химия кафедрасының аға оқытушысы Гүлжанат Досжанова бар авторлар тобы көкөніс дақылдарының өсуін үдетудің тың жолын тапқан.

      Зерттеу жұмысы Университеттің Кешенді химия-биологиялық ғылыми-зерттеу орталығында жүргізілді. Сондай-ақ оған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің мамандары да тартылды.

      Ғалымдардың айтуынша, ғылыми жаңалық ауыл шаруашылық дақылдары мен көкөністердің өсуі қарқынын жеделдетіп, мол түсім алуға септігін тигізбек.

      – Ғылыми-зерттеу жұмысы бірнеше айға созылды. Жаңашылдық тиісті деңгейде бағаланып, ғылыми қауымдастық тарапынан оң бағасын алды. Бұған дейін де бұл орталықта жүзеге асырылған өзге де зерттеулеріміз өнертабыс патентіне ие болған болатын, – дейді ғылыми топ жетекшісі, профессор Болат Жиембаев.

      Мамандар бүгінде фосфор органикалық қосылыстар әлемнің барлық негізгі ғылыми орталықтарында белсенді зерттеліп жатқанын алға тартады. Бұл олардың химиялық құндылықтарымен, организмдердің тіршілігі үшін маңыздылығымен және өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, технология мен тұрмыстық салада практикалық қолданудың кең мүмкіндіктерімен анықталады. Фосфор органикалық қосылыстар әсіресе ауыл шаруашылығында өсімдіктерді қорғау және арамшөптерге қарсы күрес ретінде кеңінен қолданылады.

      Осы ретте атап өтейік, Жаратылыстану институты базасындағы орталықта химия және биология салалары бойынша іргелі және қолданбалы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, практикалық сабақтар өткізіледі.

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен орталық Miniflex 300/600, Rigaku фазалық дифрактометр рентгенімен, PinAAcle 900T, Perkin Elmer атомдық-абсорбциялық спектрометрмен, UviLine 9100, SI Analytics спектрофотометрі сынды заманауи құралдармен жабдықталған.

      Орталық қазақстандық және шетелдік ғылыми қауымдастықпен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық орнатқан. Мұнда тек зерттеу жұмыстары ғана жүргізілмейді, сонымен қатар қосымша білім беру бағдарламалары құрастырылып, жүзеге асырылады.

      Соңғы жылдары Университет ғалымдары 100-ге жуық өнертабыс патенті мен авторлық куәліктерге ие болған. Атап айтқанда, бір ғана 2021 жылы 28 қорғау куәліктері алынған.

      МЕДИА

        Коммуникация және маркетинг департаменті

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05             

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz        

      Бөлісу: