Ғалымның ғылыми мұрасы зерделенеді



    • Ғалымның ғылыми мұрасы зерделенеді

      11 қараша күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Қоғамдық гуманитарлық пәндер кафедрасының ұйытқы болуымен «Тұлға. Таным. Шығармашылық» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

      Онлайн режимде ұйымдастырылатын жиын ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым Сапар Оспановты еске алуға арналған.

      Конференция «С.И. Оспановтың өмірі мен шығармашылығы», «Рухани-танымдық зерде аясындағы ойшыл тұлға» және «Мәңгілік Ел идеясының саяси-әлеуметтік даму тұғырнамасының негіздемесі» тақырыптары төңірегінде жүргізілмек. Жиынға отандық және шетелдік ғалымдар мен оқытушылар, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, жоғары оқу орындарының білім алушылары қатысады.

      Сапар Оспанов 1949 жылғы 7 ақпанда Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданында дүниеге келген.

      Бұрынғы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Тарих факультетін, Мәскеу қаласындағы КСРО Ғылым академиясының Социологиялық зерттеулер институтының аспирантурасын тәмамдаған. Әр жылдары Қазақстан Ұлттық академиясының Экономика, Философия, Мемлекет және құқық институтарында институт директорының орынбасары, социологиялық зерттеулер орталығының жетекшісі, бөлім меңгерушісі, жетекші ғылыми қызметкер, Алматы технологиялық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі және доценті сынды қызметтерді атқарған. 2004 жылдан бері өмірінің соңына дейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Қоғамдық-әлеуметтік пәндер кафедрасының доценті болып жұмыс істеді.

      «Тұлға. Таным. Шығармашылық» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның ақпараттық хатын мына жерден жүктей аласыз.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Бөлісу: